Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыға ұшып келді. Спортшыны әуежайда жанкүйерлері қарсы алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астанадан шыққан ұшақ түнге қарай қонды. Италиядағы қысқы Олимпиаданың жеңімпазын қарсы алуға гүл, плакат және Қазақстан туын ұстаған бірнеше ондаған адам келді. Оркестр де өнер көрсетті.
Спортшы Астанадан әкесі және бапкерлерімен бірге ұшып келді. Әуежайда жұрт оны дәстүр бойынша бауырсақпен қарсы алды.
"Үйіме жеттім-ау! Бұл ұзақ кезең болды: кеттім де, міне, енді туған, тұрып жатқан және өмір бойы тұратын сүйікті қалам Алматыға қайта оралдым. Толқып тұрмын. Мені күткен, қарсы алуға келген баршаңызға рақмет, шынымды айтсам! Қалаңа келіп, сені осылай қарсы алса, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Баршаңызға көп рақмет!" - деді Шайдоров.
Қазақстандық суретші Әсел Сабыржанқызы ХХV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионына оның бейнесі салынған кілем сыйлады.
Жұрт Шайдоров келгенге дейін шамамен екі сағат бұрын әуежайға жинала бастаған.
Жанкүйерлер пандаларды да ұмытпады, өйткені Шайдоров Италиядағы гала-шоуда Кунг-фу Панда кейпінде өнер көрсеткен еді.
Спортшының әкесі Станислав Шайдоров қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Михаилдың жеңісі баршаны біріктіргенін атап өтті.
"Менің бойымды қуаныш кернеп тұр. Бақыттымын. Бәрі қуанышты. Миша - нағыз батырымыз, баршаны біріктірді… Қолдауларыңызға рақмет", - деді ол.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров 1994 жылдан бері қысқы Олимпиадада алтын алған тұңғыш қазақстандық және ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан шыққан алғашқы чемпион атанды.
Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық бесінші орында тұрған болатын. Алайда еркін бағдарламада ол қысымды еңсеріп, бес төрттікті сәтті орындап, төрешілерді тәнті етті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!