- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Түгі жоқ лагерьді...
"Түгі жоқ лагерьді ұйымдастырдық деп өтірік айтқаннан не өзгереді?!" Алматы облысында ата-аналар шу шығарды
Алматы облысында лагерьге қатысты даулы мәселе туындады. Танымал журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында Ұзынағаш ауылында орналасқан лагерьдің жай-күйін айтқан. Оның сөзінше, лагерьде ыстық тамақ жоқ, ал балалар лагерьде қажет барлық құралды өзі ала келуі керек.
Massaget.kz тілшісі облыстық білім басқармасына осы мәселеге қатысты жүгінді.
Журналист "есеп үшін мұндай түгі жоқ лагерьдің қажеті не?" деп ашынды.
"Не деген лагерь. "Лагерьге дүйсенбі күні сағат 9.00-де жібересіздер. Өздерімен пеналдарын алып келсін. Түрлі-түсті қарындаштар, ұштағыш, өшіргіш алып келеді. Ыстық тамақ жоқ. Сол үшін өздерімен жейтін заттарын алып келеді". Хаттың ұзын-ырғасы осы. Лагерь Алматы облысы Ұзынағаш ауылында. Сөйтсем, жалғыз Жамбыл ауданы емес облыстың барлық өңіріндегі оқушылар осындай шақырту алыпты.
Гүлмира Әбіқайдың желідегі парақшасынан
Желі қолданушылары да мұндай мәселе барын растап, лагерьлерге бөлінген қаражатқа тексеріс керек екенін айтқан. Олардың сөзінше, мұның бәрі оқушылар лагерьмен толық қамтылды деген "өтірік" есеп үшін керек.
- "Мектеп жанындағы лагерь. Мемлекет тарапынан қаржыланбайды. Еңбек демалысындағы мұғалімдер келіп тегін жүргізеді. Құжаты зор. Алғашқыда штаб құрылып, басшы тағайындалады. Нормативті құжаттарында 23 папка бар. Қызығы сол арасында палаталық лагерьді ұйымдастыру дегенін қайтесіз. Ақша бөлінеді, бөлінбейтініне хабарсызбын. Алайда бастауыштың барлық оқушысы лагерьге қамтылды деп есеп беріледі. Орта буын көгалдандыру, одан қалса құрылыс бригадасын құрып, мектептің жұмыстарына араласады деп жазылады екен. Осы мектеп жанындағы өтірік лагерьді ұйымдастырдық деп өтірік айтқаннан не өзгеріс болуы мүмкін?!"
- "Елдегі барлық лагерге бөлінген қаражатты тексеру керек";
- "Мұның барлығы бұйрықты орындау. Есеп үшін. Бөлінген аз-маз қаражат игерілу керек... Ұстаздар да жыл бойғы жүктемеден демалсын. Айлықтары көп екен деп көк есек қылып мініп алмайық. Негізінде ұстаз оқушыдан, оқушы ұстаздан демалу керек. Күзде бір-бірлерін сағынып көріссін";
- "Ақыр аяғында мұғалім болады! Басқасының ештеңесі кетпейді! Мұғалім ақысыз, балаларды ойнатады, сонша қағаз толтырады, соңында өзі кінәлі болады! Өз қалтасынан тамақ дайындатса, таңғалмайды ешкім!" - дейді әлеуметтік желідегілер.
Алматы облысының Білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бұл лагерь емес, жазғы мектеп. Дегенмен хатта "лагерьге" деп анық жазылғаны көрінеді.
"Алматы облысының білім беру мекемелерінде 2024 жылғы 27 мамыр мен 31 мамыр аралығында оқушылардың жекелеген тақырыптар бойынша білімдерін толықтыру мақсатында "Жазғы мектеп" жұмыс істеді. Ал мектеп жанында жазғы лагерь ұйымдастырылмайды. Биыл 10 маусымнан бастап "Жазғы алаң" өз жұмысын бастайды. "Жазғы алаңда" сағат 09.00-ден 12.00-ге дейінгі аралықта балалар шығармашылық пен интеллектуалды бағыттағы түрлі ойындарға, спорттық бағыттағы жарыстарға қатысады және саяхаттар ұйымдастырылады", - деп жауап берді Massaget.kz-ке тиісті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі ресми сауалымызға жауабында жазғы маусымда 10 мыңнан аса демалыс орны жұмыс істейтінін, оларда оқушылардың 92 пайызы жазғы сауықтыру, демалыс шараларынан өтеді деп күтіліп отырғанын хабарлаған еді.
Қазақстанда жазғы демалыс лагерьлеріне тегін баруға бола ма?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова