Үкімет мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелерін жаңартты. Құжатта мемлекеттік Туды қайда және қалай ілуге болатыны жазылған, оны пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар көрсетілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басты жаңалықтардың бірі - азаматтардың мемлекеттік Туды ілуіне қатысты жағдай. Құжатта жеке және заңды тұлғалардың Туды тұрғын үйлер мен тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға іле алатыны қарастырылған. Ту балконға 45 градус бұрышпен ілінуге тиіс.
Сонымен қатар, ережеде мемлекеттік Туды пайдалануға рұқсат етілетін талаптар нақтыланған:
Ғимараттың ерекшеліктері Туды қасбетке бекітуге мүмкіндік бермесе, оны ғимараттың жанындағы бөлек Ту тұғырына орнатуға болады.
Құжатта мемлекеттік Туды мәдени, спорттық, қоғамдық және басқа да іс-шаралар кезінде коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайтыны бөлек жазылған.
Сондай-ақ, Туды киім, төсек-орын, перде, дастархан, кілемше және басқа да жабындар ретінде пайдалануға тыйым салынады. Мемлекеттік рәмізді әдейі зақымдауға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға және оның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген басқа да әрекеттерге жол берілмейді.
Тағы бір өзгеріс спортшыларға қатысты. Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдер мен жабдықтарда пайдалануға ресми түрде рұқсат берілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді ресми сайттарда, стендтер мен плакаттарда орналастыру тәртібі нақтыланды. Олар бірыңғай жүйемен орналасуға тиіс: алдымен Ту, содан кейін Елтаңба, одан соң Әнұран мәтіні. Стендтерді рәсімдеуге де бірыңғай талап бекітілді: көк түсті фон және алтын түстес жазулар.
Премьер-министр қол қойған қаулы 13 шілдеде күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін Президент Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға түзетулер енгізетінін мәлімдеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!