"ЦУМ-да жарылғыш зат бар!" Қарағандыда жасөспірім ұсталды

Қарағандыда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

9 шілдеде сағат 13.45 шамасында Қарағанды облыстық полиция департаментінің кезекші бөліміне белгісіз біреу қоңырау соғып, Қарағанды қаласында орналасқан "ЦУМ" сауда үйінде жарылғыш зат орнатылғанын хабарлаған.

"Оқиға орнына бірден жедел қызмет жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері сауда үйінен 230 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Сауда үйі тексеріліп, ол жерден жарылғыш зат анықталған жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 15 жастағы жасөспірімді ұстады. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті терроризм бойынша жалған көрнеу ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін еске салады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!