Бүгінде тіске брекет қою ерекше танымалдылыққа ие. Егер сіздің тістемінің дұрыс емес болса, тістеріңіз қисық немесе арасы ашық болса, брекет таптырмас шешім. Алайда брекетті тағар алдында ауыс қуысындағы барлық ауруды емдеген дұрыс, себебі брекеттің жанама әсері болуы мүмкін. Стоматолог-ортодонт Ақбота Берікқызы Massaget.kz тілшісіне брекет қоймас бұрын не істеу керегін түсіндірді.
Маман ең алдымен брекет жүйесін қойдырмас бұрын емдеу керек ауру түрлерін атады. Оларға тісжегі, пульпит, периодонтит және тағы басқалары жатады. Сондай-ақ, маман қызыл иек қабынған болса, міндетті түрде емдеу керегін, ауыз қуысының халін жақсартпай, брекет жүйесі орнатылмайтынын жеткізді.
Брекет түрін қалай таңдау керек?
Брекет жүйесінің металлды, керамикалық, жақұт (сапфир) түрлері бар. Ал брекет жүйесі дәрігер-ортодонт кеңесінде науқастың жеке ерекшеліктеріне байланысты таңдалады.
Дәрігер кейбір адамдарға брекет тағуға болмайтынын атап өтті.
"Негізі брекеттің денсаулыққа зиян жағы көп кездеспейді. Бірақ егер адамда қант диабеті, пародонтоз, темірге (металлға) аллергиясы бар болса, брекет тақпағаны абзал", - деді ол.
Брекет тағып жүрген кезде қалай күтім жасау керек?
Ортодонт әлеуметтік желі парақшаларында тараған брекет шешкен адамдардың тісі құрттап, сарғайып, әдемі реңінен айрылғанына қатысты пікір білдірді.
"Брекет тағу жеке гигиенаны сақтауды талап етеді. Арнайы тіс щеткасын пайдаланған жөн. Тамақ ішкеннен соң міндетті түрде тісті тазалау керек. Одан бөлек, ай сайын дәрігерге барып, арнайы тіс түзетуінен өту қажет. Ауыз қусының гигиенасы жақсы болса, брекетті шешкеннен кейін де тіс зақымдалмайды", - деді маман.
Сонымен қатар, Ақбота Берікқызы брекет жүйесін алып тастағаннан кейін тістер бұрынғы қалпына келуі мүмкін екенін ескертті.
"Брекет жүйесін алып тастағаннан кейін тістер бұрынғы қалпына келуі мүмкін. Сол үшін тістердің ішкі жағына бекітілетін ретейнер және алынбалы каппа қолданылады. Жыл сайын ортодонт дәрігердің бақылауында болу қажет", - деді стоматолог.
Тіс дәрігері брекет оны ұзақ жылдар бойы тағатын адамдардың денсаулығына қалай әсер ететініне де тоқталды.
"Тістем (прикус) ерекшелігіне байланысты брекет тағу уақыты бірнеше жылдарды талап етуі мүмкін.
"Брекет тіс эмальына зиян тигізеді" деген түсінік аңыз деп сенімді түрде айта аламын. Тіске брекет жабыстырғаннан эмальға ешқандай зиян тимейді, өйткені стоматологиялық желім құрамы бойынша пломбаға ұқсас, яғни оның астынан тіс жегі (кариес) пайда болмайды. Бірақ брекет айналасында жиі тіс қақтары жиналады. Егер тіс қақтары уақытында тазаланбаса, шын мәнінде, тіс жегінің пайда болу ықтималдығы артады", - деп түсіндірді ортодонт.
Ортодонт Ақбота Берікқызы брекет тағуды жоспарлап жүрген адамдарға кеңес берді.
"Ең алдымен, брекет қоймас бұрын тіс дәрігері кеңесі кезінде ауыз қуысын КТ (компьютерлі томография) түсіру қажет. Қосымша диагностикада қай тісті емдеу керегін анықтап, егер ақыл тіс болса, оны міндетті түрде көрсеткіш бойынша жұлған жөн. Сjндықтан тіс дәрігері мен науқас арасында жақсы байланыс болуы шарт", - деп қорытындылады стоматолог.
Айта кетейік, бұған дейін брекет қандай жағдайда көмектеспейтіні хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Квинт Курций Руфтың аңызын пайдалана отырып, сақ тайпаларының немен айналысқанын анықтаңдар. Қоғам қандай негізгі топтарға бөлінді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!