ШҚО тұрғыны Өскемендегі түрмеде азапталып жатқанын айтты. Істі болған ер адам әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада оқиға қаладағы №16 қылмыстық атқару жүйесі департаментінде болғанын жеткізді. Оның сөзінше, тәртіп сақшылары шындықты біреуге айтар болса, "көгілдір" қылып жібереміз деп қорқытқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірнеше мәліметте бейнежазба таратқан ер адамның толық есімі жазылмаған. Кейін бұл туралы ресми ақпарат ұсынған ҚАЖД өкілдері сотталушы А. деп көрсетті.
Бейнежазбада түрмедегі қинау, ұрып-соғу әрекеті бірнеше адамды қамтығаны айтылады.
"Мекемедегі полицейлер мен қызметкерлер бірігіп, бізді сотталғандармен бірге қол-аяғымыздан соғып, менің әр тісімді тістеуікпен суырды. Ринат, Еркебұлан, Була есімді белсенді жігіттер де тепкінің астында қалды. "Біреуге айтып, шағымданатын болсаңдар, сендерді "көгілдір" қылып жібереміз" деп қорқытты. Қасымда сотталған Қабылбаевтың аяғын сындырып, басын жарып, Ибраихановтың жағын үш жерден сындырды", - деді бейнежазба алдында сөйлеген ер адам.
Оның сөзінше, азаптау жиі жалғасады. Өзі жариялаған бейнежазбаны амалын тауып, сотталушылардың бірінің телефонына түсірген көрінеді. Дегенмен ШҚО ҚАЖД бұл ақпаратты теріске шығарды. Ұсынылған мәліметке сенсек, бұл өтініш ақпаратты есепке алу кітабына енгізілген.
"Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы тексеру кезінде сотталушының денесінен ешқандай жарақат таппады. Тексеріс барысы бейнетіркегішке жазылды. Жауап алу кезінде сотталушы А. бейнежазбада басқа істі болған адамдар тіркелгенін, тоғыз жыл бұрын түсірілген бейнежазбаны өз мүддесі үшін қолданғаны анықталды", - деді қылмыстық атқару жүйесі департаментіндегілер.
Тағы бір мәліметте бейнежазба арқылы шағым білдірген ер адамның сәуірде түрмеден шыққаны айтылады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!