“Тісімді сындырып, шашымды қырып тастады“. Күйеуінен қорлық көргенін айтқан әйелдің видеосы тарады

“Тісімді сындырып, шашымды қырып тастады“. Күйеуінен қорлық көргенін айтқан әйелдің видеосы тарады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желіде әйел күйеуінен қорлық көргенін, өзінің жантүршігерлік жағдайын айтқан видео тарады. Оқиға Ақтауда болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тісімді сындырып, шашымды қырып тастады"

Кадрда ол "сөйлей алмаймын, тамақ жей алмаймын, ернімнің іші жыртылып кеткен, шашым алынған" деп жылағаны естіледі. Бұл ақпарат құқық қорғаушы, Human Rights Lawyers қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышеваның әлеуметтік желідегі парақшасында пайда болды.

Оның сөзінше, ақтаулық әйел хабарласып, күйеуі зорлық-зомбылық көрсеткенін жеткізген.

"Күйеуім мені ұрып-соғып, шашымды қырып, тістерімді сындырып тастады. Құжаттарымды тартып алды. 2 балам бар, күйеуім мені қорлап ұстап келеді", - деп жазылған видео жазбасында.

Сурет: instagram.com/rakisheva_lyazzat/

Ләззат Рақышеваның сөзінше, әйел Қазақстан азаматы емес, құжаттары дұрыс болмауына байланысты оның өзін де полиция ұстаған.

Полиция не дейді?

Маңғыстау облысы Полиция департаменті редакцияға берген жауабында әйелге дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

"Оқиғаға қатысушылар Өзбекстан Республикасының азаматтары екені анықталды. Тексеріс барысында ер адам мен әйел Қазақстан аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүргені, сондай-ақ, елде болу заңдылығын растайтын құжаттары жоқ екені белгілі болды. Ер адамға қатысты көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Қазір оны анықтау және ел аумағында одан әрі болуына қатысты мәселені шешу үшін ол қабылдау-тарату орнына орналастырылды", - деп жазылған хабарламада.

Полиция әйел тұрғылықты жерінде екенін, оған қатысты да көші-қон заңнамасы аясында тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Дене жарақатын келтіру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget