Қазақстанда "Цифрлық ҚҚС" пилоттық жобасы іске қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоба 2024 жылғы төртінші тоқсаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық банк арасында бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Цифрлық теңге - блокчейн технологиясына негізделген ұлттық валютаның жаңа түрі, ол қаражатты тек нақты мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік береді.
Экспорттаушы компаниялар цифрлық теңгені ҚҚС белгісімен Ұлттық банктен екінші деңгейлі банктер арқылы ала алады.
Белгіленген цифрлық теңгені басқа мақсаттарға жұмсау немесе қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкін емес: бұл қаражат тек жеткізушілермен және бюджетпен есеп айырысу үшін қолданылады. Барлық транзакция туралы ақпарат Ұлттық банк арқылы Мемлекеттік кірістер органдарына беріледі.
Бұл механизм ҚҚС-ты қысқа мерзімде қайтаруға мүмкіндік береді, сонымен қатар, салық тәуекелдерін азайтады.
Цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтары:
- ҚҚС қайтару мерзімі 55-75 күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқарады.
- Салық тексерісі болмайды, бұл әкімшілік және қаржылық шығындарды азайтады.
- Қаржы айналымы жылдам әрі кепілді, бұл бизнес үшін қаржы жоспарын жақсартады.
- Пилоттық жобаға қатысушылар 2024 жылдың IV тоқсанында ҚҚС-ты 5 күн ішінде қайтарды.
Жоба тиімділігін көрсеткендіктен, Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық шешімдерді кеңейтуді жоспарлап отыр, бұл салық түсімдерінің ашықтығын арттырады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова