- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Цифрлық министр Жаслан...
Цифрлық министр Жаслан Мәдиев Павел Дуровқа қолдау білдірді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Павел Дуровтың Францияда тұтқындалуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жақында болған оқиғаға байланысты Павел Дуров пен Telegram командасын қолдады.
"Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің атынан біз Telegram командасымен өзара іс-қимылда оң тәжірибе жинақтағанымызды атап өткім келеді. Біз дербес деректердің таралуына, есірткі трафигіне қарсы күреске және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттердің жолын кесуге байланысты мәселелерді бірнеше рет сәтті және жедел шешіп келеміз.
Цифрлық министрліктің басшысы Қазақстанда Telegram желісін 12 миллионнан астам адам пайдаланатынын, ең танымал мессенджер екенін айтты.
"Біз Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын түсінеміз және Telegram-мен сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз (...) Мен Павелдің командасына балалардың дамуына деген қызығушылығы үшін алғыс айтамын. Бұл жағдай тезірек шешіледі деп үміттенеміз", - деді Жаслан Мәдиев.
Ол Павел Дуровтың елімізге өткен сапарында қазақстандық ауыл балаларын қолдауға бағытталған IQanat жобасының қамқоршыларының бірі болып, 365 мың доллар сомасына 12 грант бөлгенін еске салды. Сонымен қатар Дуров ақша бөліп қана қоймай, оқу процесін зерттеуде, балаларды таңдауда, олардың өмірбаяндарымен және оқушылардың үлгерімімен танысты.
Айта кетейік, биыл маусымда Павел Дуров Қазақстанға келген болатын.
Еске салайық, бұған дейін "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровты бір күн бұрын Париж әуежайында ұсталғаны хабарланған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә