Цифрлық даму вице-министрі Бишімбаевпен ортақ бизнестеріне қатысты пікір білдірді

Мәжіліс кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың отбасымен ортақ бизнестеріне қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Bau" гастроорталығында  әлі де үлесіңіз бар ма? Бишімбаевтар отбасымен қандай қарым-қатынастасыз деп сұрады журналистер кулуарда. Төлеушин түрлі жобаларға, соның ішінде аталған мейрамханаға да инвестиция салғанын, бірақ мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты аталған бизнестен шыққанын айтты. 

"Мемлекеттік қызметке бизнестен келдім. Бұл жобаға енді мен құрылтайшы ретінде қатыспаймын", - деді ол.

Сонымен қатар журналистер вице-министрден Бишімбаевтармен қарым-қатынасы туралы да сұрады.

"Ешқандай қарым-қатынасым жоқ. Екеуміз де "Болашақ" бағдарламасының түлегіміз. Сондықтан бір-бірімізге жобаларымыз туралы айтып, үнемі кездесіп тұрдық. "Болашақ" түлектері ретінде үнемі сөйлесетінбіз. Бізді осы жағдай ғана байланыстырды. Сондықтан қайталап айтамын, жоғары айтылған нысанда қазір құрылтайшы емеспін", - деді министрдің бірінші орынбасары.

Бұған дейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қуандық Бишімбаевтың жазасын қайда өтеп жатқанын хабарлаған болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!