- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Цифрлы мұғалім дәптер...
"Цифрлы мұғалім дәптер тексереді". Алматыда жаңа жоба осы оқу жылында іске қосылмақ
2024 жылдың 16 тамызында өткен "Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру" тамыз саммитінде "цифрлы мұғалім" жобасы Алматыда жаңа оқу жылында іске қосылатыны жайлы айтылды. Жасанды интелект оқушылардың үй тапсырмасын өзі тексеріп, бағасын қояды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жасанды интелект өмірдің барлық саласына дендеп еніп келеді. Оның ішінде білім саласы да бар. Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Айгүл Жұмабекқызы алдағы уақытта білім беруде үлкен прогрес келе жатқанын айтады. Соның бірі "цифрлы мұғалім".
© Суретте: Айгүл Жұмабекқызы
"Оқу ағарту министрлігінің тарапынан үлкен жүзеге асып жатқан жобалардың бірі "Цифрлы мұғалім". Жоба осы оқу жылынан бастап енгізілетін болады. Оқушылардың қортынды бақылау жұмыстарын тексеру мұғалімдерге белгілі бір деңгейде қолайсыздық келтіреді. Өйткені оған көп уақыт, әрі энергия керек. Ұсынылып отырған "Цифрлы мұғалім" жобасы бұл жұмысты бірнеше секундта атқарады. Қолда бар жоба бүгінде қолмен жазылған жұмыстарды тексеріп, қатесін тауып, автоматты баға қоюға мүмкіндік береді. Әрине, бұнда "жасанды интелект мұғалімнің орнын басып кетпей ме?", - деген қорқыныш туындауы мүмкін. Дегенмен, жоба тек көмекші құрал, оны басқаратын мұғалімнің өзі екенін естен шығармау керек", - дейді Айгүл Жұмабекқызы.
Жасанды интелектінің мұғалімдерді алмастырмайтынын Алматы әкімі Ерболат Досаев та атап өтті.
"Цифрлық технологиялар бүкіл білім беру ортасын, әсіресе педагогтарды алмастыра алмайды. Сапалы білім берудің негізгі буыны мұғалім болып қалады. Сондықтан мұғалімдерімізді қолдау және біліктілігін арттыру – біздің басты мақсатымыз. Алматы қаласының білім беру саласына тиімді шетелдік инновациялық тәжірибені енгізу үшін былтыр 207 мектеп директоры, орынбасары, балабақша директоры мен педагогтар Швеция, Финляндия, Эстония, Ұлыбритания, Сингапур, Жапония және Ресейде тәжірибеден өтті. Қазақстан ішінде 5700-ден астам адам тағылымдамадан өтті. Шетелдік инновациялық тәжірибелер негізінде мектептер үшін 117 бағдарлама мен жобалар және балабақшалар үшін 35 жоба әзірленіп, Алматыда іске асырылуда", - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы