- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Цифрлы Қазақстан: Көкшетауда...
Цифрлы Қазақстан: Көкшетауда жас мемлекеттік қызметшілер форумы өтті
Мұнда мемлекеттік қызметкерлердің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, тіл байлығын арттыру және кәсіби білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған арнайы зияткерлік ойындар ойнатылды.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономикалық технологиялық жаңғырту, бизнес-ортаны жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық және адам капиталын жақсарту бағытындағы 5 негізгі басымдықты атап көрсеткен болатын. Алда күтіп тұрған мақсат-міндеттердің барлығы «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы-2020» және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларының аясында жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ, форум қатысушылары Жолдауда көзделген «Баршаға арналған кәсіби-техникалық білім» жобасын да тиімді бастама деп отыр.
Негізінен, Қазақстанның үшінші жаңғыруының басты шарты – цифрлы технологияларды қолдану арқылы дамудың жаңа кезеңіне қадам басу. Оның басты мақсаты бағдарлама аясында алдағы 4 жылда Қазақстандағы интернет пайдаланушылар үлесін 78 пайызға дейін көтеру, Қазақстан халқын эфирлік телехабарлармен қамту 95 пайызға жеткізу және халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80 пайызға дейін көтеру мәселелері қаралады. Сонымен қатар, ел азаматтарының өз бетімен интернет арқылы алған қызметтер сапасының қанағаттанушылық деңгейін 83 пайызға көтеру болып отыр.
Сол себептен де, елімізде мобильді банкинг, онлайн-сауда және цифрлы қызмет түрлерін дамыту қажет. Бұдан бөлек, коммуникацияның дамуына, IT технологияларды жетілдіруге аса мән берген жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінің экономикалық дамуына ерекше серпін беріп отырғаны рас.
Жиында мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп Кодексінің нормаларын сақтауы, қызметін асыра пайдаланбау мәселелері де сөз болды. Атап өтейік, жас мемлекеттік қызметкерлердің форумына Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарымен қатар, Астана қаласынан келген 150-ге жуық маман қатысып жатыр. Олар екі күннің ішінде Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметкерлердің рөлі жайында пікір алмасып, Бурабай ауданының көрікті жерлерін араламақ.
Г. Берік