Еліміздің экономикасы үшін үлкен маңызға ие саланың бірі ауыл шаруашылығы. Қазақстан халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған маңызды секторлардың бірі де осы ауыл шаруашылығы. Бүгінде саланы ілгерілету үшін Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар жасалуда. Бағдарлама Қазақстан ауыл шаруашылығына кешенді жаңғыру мен оң өзгерістер әкелуі үшін, бұл салаға цифрландыру жүйесі енгізілу керек. Бұл туралы Елбасы қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтты. Жоғарыда атап өткен бағдарлама мезгілінде, яғни 5 жылдың аралығында агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты 2,5 есеге дейін өсу керек. Бұл ақпаратты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев өз баяндамасында айтып өтті. Бұдан бөлек, Арман мырза Канада, Германия, Австралия, АҚШ, Түркия мемлекеттеріндегі ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстарына талдау жасап, оның ішінде Түркиядағы фермерлерді тіркеу жүйесі жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті. Сонымен, цифрландыру жүйесі ауыл шаруашылығы саласына қандай өзгерістер алып келмек? Аталған бағдарлама аясында, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мақсатында елімізде ең аз дегеннің өзінде 20 цифрлық, 4000 ілгері ферма құрылады. Бұл фермалардағы барлық процестер 100 пайыз автоматтандырылмақ. Бұл жүйенің артықшылықтарының бірі, ол фермердің және оның қызметін жеңілдете түседі. Арман Евниев еңбек процесін жеңілдететін смарттехнологиялардың қолданылуына орай ақылды фермаларды 10 деңгейге бөлді. Бүгінгі таңда әкімдіктердің ақпаратына сүйеніп, ілгері және цифрлы фермаларға бөле тұра нақты егін шаруашылығын енгізудің ағымдағы жағдайына талдау жүргіздік. Талдау нәтижесінде, 114 ілгері және 10 цифрлы ферманың бар екендігі анықталды. Бұл жақсы нәтиже, алайда әкімдіктер мемлекеттік қолдау шаралары арқылы шаруашылықтардың цифрлық дамуына ықпал жасауы тиіс, сондай-ақ 2022 жылға дейін кемінде бір цифрлы ферманы құруы және республика бойынша жалпы саны 200 ілгері ферма құру көрсеткішіне жетуі тиіс, - дейді вице-министр. Цифрландыру жүйесінің көмегімен жылдам онлайн-қарыз беруге, ауа-райын талдап және болжауға, өсімдік өнімдерін жоспарлап, мониторинг көрсеткіштерін электронды форматқа көшіруге болады. Қазіргі уақытта цифрландыру жүйесінің аясында қолға алынып жатқан жобалардың ішінде егістік алқабын цифрландыру жұмысын айтып өтуге болады. Бұл қызметті пайдалану үшін дрондардың және жер серігінің көмегі қажет. Дрон фермерге егістік алқабында енді пайда болып келе жатқан мәселенің суреттерін сол мезетте көрсетеді. Бұл фермердің бірден ұтымды шешім шығаруына көмегін тигізеді және қаржы шығынын қасқартуға қолайлы. Мысал ретінде алайық, бүгінгі уақытта бірнеше гектар жерге ие фермер сол алқапты өзі аралап, жұмысшылардың қол еңбегін пайдалануға мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін дрондардың көмегі ауадай қайжет. Әуеден түсіріліп, өңделіп, кәсіпкер назарына ұсынылатын суреттер сонша гектар аймақты аралаудың азабынан құтқарады. Бүгінде Алматы облысында су ресурстарын тиімді пайдалану ға бағытталған арнайы жоба қолға алынып жатыр. Бір гектарға қанша су кететіні нақты есептелуде және бұл есеп Голландиялық ғалымдардың су балансын есептеу әдістемесі бойынша жүргізіліп жатыр. Қазақстандық ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, Қазақстанға әкелінетін технологиялар батыс елдерінің ауыл шаруашылығы саласында үздік деп танылған құрылғылар. Жаңа технология ел шекарасына кірмес бұрын, мамандар жабдықтың отандық шаруалардың қиындықтарын шешуге қабілеттілігін тексеріп, толықтай сараптаудан өткізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің дерегіне сүйенсек, осы уақытқа дейін танаптардың электронды карталарын құру аясында 23,7 миллион гектар жер немесе егістіктің жалпы ауданының 98,8 пайызы цифрландырылған. Жылдың соңына дейін егістік жерлерді толық цифрландыруды аяқтау жоспарға енген. Қарағанды мен Ақмола облыстарында америкалық Data Transmission Network жасаған ауа райын дәл болжау пилоттық жобасының қорытындысы бойынша, 2 шаруашылықта метеостансалар көмегімен жауын-шашынның ықтималдылығы, шық нүктесі сияқты оннан астам параметрлерді өлшеу қолға алынып отыр.