Табиғаты тұмса Күршім ауданының жұрты соңғы жылдары алтын қазушылардың әрекетінен әбден мезі болды. Жерді шұңқыр етіп тастағандары былай тұрсын, ауасы ластанып, өзендегі балықтар қырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жұртты алаңдатып отырғаны – Маралды маңында алтын өндіру фабрикасын салу. Барлығы бұған түбегейлі қарсы. ШҚО Экология департаменті мәліметіне сенсек, құрылысқа деп бекітілген жер телімі – 38,1 гектар. Ауылдан екі шақырым жерде орналасқан. Бірақ ауыл тұрғындары мұны тым жақын, осы уақытқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары қазірдің өзінде ауаны әбден ластады дегенді айтып жатыр. Ең сорақысы, алтынды цианидті қолдану арқылы өндірмек.
"Химиялық қоспалардың бәрі соның құрамында. Цианид деген өте улы зат. Ол адамның барлық ағзасына біртіндеп зиян келтіреді де, ақыр аяғында жүйке жүйесін тұтастай зақымдайды. Фабриканың салынуына қарсымыз", – деп жазды желі белсендісі Гүлнұр Сатыбалдықызы.
Маралды тау бөктерінде орналасқан елдімекен. Ауылдастардың айтуларынша, біртіндеп жоталарды үгітіп, жұмысқа қолайлы етіп жол салмақ. Соңғы мәліметке сүйенсек, фабриканың құрылысы басталып кетті. Ішіп отырған ауызсу құрамы да өзгерген. Маралды тұрғыны Әділ Қожақовтың сөзінше, алтын қазушылар мына түрлерімен Күршім өзенін ластап, ол артынша Ертіске құятынын жеткізді.
"Білгендерін істеп жатыр. Фабрика салады деген маңдағы екі бастаудың бірі ағып тұр, бірі бітелген. Бұрын қазылған жерлер сол күйі шұңқыр болып жатыр. Оған рекультивация жасалмады да. Өткен жылы алтын қазуды бір айға тоқтатады дегеннің өзінде жұмыс тоқтамады. Ластанған өзеннен мал су ішсе, ауыл жұрты, бала-шаға қырылады ғой", – деді ол.
Одан бөлек, осы жұмысты жүргізіп жатқан "Maralicha Gold" ЖШС өкілдері фабрика салынса тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылатынын желеу етіп, көндіріп жатқан көрінеді. Әділ Қожақовтың айтуынша, ауыл маңын қазып жатқандар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолқа салуды жиілетті. Егер келісімдерін берсе, ақшалай көмек көрсететіндерін алға тартқан.
Еліміздің әр өңірінде пышырап жүрген Маралды азаматтары мен нәзік жандылары топтасып, видеоүндеу жариялап жатыр. Түйіні: Алтай тауын аямай қопарып жатқан алтын өндірушілердің әрекетін Президентке жеткізу.
Облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев бұған дейін берген сұхбатында зерттеу жұмыстары нәтижесінде алтын қазудың халық өміріне зиян келтіріп жатқаны анықталмағандығын айтты.
"Алматыдан арнайы мамандар келіп, сейсмикалық жағдайды сараптап, барлығы норма аясында екендігін растады. Одан бөлек, өңірдегі «Қазгидромет» пен Экология департаменті жұмысы нәтижесінде су құрамында лас заттың нормативтен асатын концентрациясы табылмады", – деді жауапты тұлға.
Департамент басшылығы жуырда осыған қатысты Маралды тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық тыңдау өткізілетіндігін мәлімдеген болатын. Десе де қорытындысын әлі ұсынбады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!