Тісті күніне екі рет тазалау, жүйелі түрде стомотологқа қаралу және тіс щеткасын жиі ауыстыру - бұл ережелерді барлығы біледі. Бірақ сонда да көпшілік тіс саулығы мен сұлулығын сақтап қала алмай жатыр. Тіс саулығын сақтау үшін басқа не істеу керек? Тіс саулығына пайдалы қарапайым лайфхактар ұсынамыз.
Тісті дұрыс уақытта тазалаңыз
Егер таңертең лимон қосылған су ішетін әдетіңіз болса, онда тісіңізді содан кейін 20-30 минут өткен соң тазалаңыз. Себебі pH деңгейі төмен сусындар мен тағамдар, яғни қышқыл тағамдар тіс эмалін уақытша жұмсартады және оны сыртқы орта әсеріне әлсіз етеді. Егер цитрусты жемістер, қызанақ, шарап және т.б сол секілді өнімдерден кейін бірден тіс тазаласаңыз, щеткамен тістің қорғаныш қабатын алып тастайсыз. Ал зақымдалған және әлсіз эмаль тісжегінің пайда болуына және тіс түсінің нашарлауына әкеледі. Сондықтан мамандар қышқыл тамақ жегеннен кейін тісті 30-60 минуттан соң тазалауды ұсынады.
Жұмсақ тіс щеткасын пайдаланыңыз
Кей адамдар тіс щеткасы қатты болған сайын ол бактерияларды жақсы кетіреді деп ойлайды. Алайда әдетте қатты щетка тіс эмалі мен тіс етін зақымдап, оны сезімтал етеді және оның қанауына әкеледі. Жұмсақ щеткалар жіңішке және иілгіш болғандықтан қиын жерлердің өзіне кіріп, артық нәрсені тазалап алып шығады.
Сағыз шайнаңыз
Тамақ ішкеннен кейін 10-15 минут өткен соң сағыз шайнауға болады. Бұл тістер бұзылуының алдын алады. Себебі сағыз тістерді тамақ қалдықтарынан тазартып, сілекей бөлінуіне ықпал етеді. Сондай-ақ ол асқорытудың жақсаруына және шайнау бұлшықетінің қатаюына көмектеседі.
Тіс тазалаған кезде олардың әрбіреуіне мән беріңіз
Әдетте, алдымен азу тістер құртылады. Олар тамақ шайнауға көбірек қатысады және оларға алдыңғы тістерге қарағанда назар аударылмайды. Азу тістер саулығын сақтау үшін қиын жерлердегі тістерден бастаңыз: әр азу тісті бөлек-бөлек және әрбіреуін 4-5 қозғалыспен тазалаңыз . Сондай-ақ тістерді көлденең емес, тігінен тазарту керек.
pixabay.com
Қатты жемістер мен көкөністер жеңіз
Алма, алмұрт, сәбіз, қияр секілді қатты жемістер тіс бетін тазалауға және тіс өңезінің бір бөлігін жоюға көмектеседі. Сондай-ақ қатты жемістер мен көкөністерді шайнауға көбірек уақыт керек, сондықтан ол сілекей бөлінуін ынталандырады. Сілекей - табиғи антисептик. Сондықтан жұмыста түскі астан кейін алма жеу - пайдалы әдет.
Тіс щеткалары тұрған ыдысты жуыңыз
Тіс щеткалары тұратын ыдыстың ішіне бірнеше күннің өзінде көп микроб жиналады. Ол біздің тіс щеткамызға, сол арқылы ауыз қуысына түсіп, уақыт өте тіс эмалін құртады. Тіс щеткалары тұратын ыдысты аз дегенде аптасына бір рет жуу керек.
Еске салайық, осыған дейін бала ұйықтағанда неге тісін шықырлататынын жазған болатынбыз.