Танымал Telegram-арнасында су мен тіс пастасына қосатын фтор ағзаға зиян тигізеді деген ақпарат тарады. Онда бұл зат жасушаларды бұзады және бұл қайтымсыз процесс екені айтылған. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Хабарламамен бірге 1950 жылдары түсірілген видео да таралып жатыр. Онда фтордың сау жасушаларды қалай бұзатыны көрсетілген.
Бұл жағдайда фтор тірі организмнен тыс жасуша мәдениетіне тікелей қосылатынын түсіну маңызды. Бұл тәжірибе дәл осындай өзара әрекеттесу фтор қосылған тіс пастасын қолданатын немесе фторланған су ішетін адамның денесінде болатынын дәлелдемейді.
1950 жылдардан бастап суды фторлау және оны тіс пасталарына қосу процесі мұқият зерттелді. Бүгінгі таңда фтор ағзаға зиян келтірмейді және жасушаларды бұзбайды деген зерттеулер ғалымдарда жеткілікті. Қолда бар ғылыми мәліметтер фторды рұқсат етілген мөлшерде қолданған кезде денсаулыққа ешқандай теріс әсер етпейтінін дәлелдейді.
АҚШ-та суға фтор қосу 1945 жылы басталды. Бұл тәжірибе алғаш рет Американың Гранд Рапидс қаласында енгізілді. Алты жылдан кейін мамандар алты жасар балаларда тіс жегілерді тексерді. Тістері ауыратын балалар саны суға фтор қосылмаған көршілес Маскегон қаласына қарағанда екі есе аз болды. Бұл суға фтор қосудың тістің саулығына оң әсерін тигізетінінің сөзсіз дәлелі болды.
Егер фтордың жасушалардың бұзылуына әкелетіні рас болса, суға фтор қосқан 78 жылдың ішінде бұл айқын көрінетін еді. Мұндай суды ішкен адамдар белгісіз себептермен ауырып, қайтыс болатын еді.
Фтор тек тіс пастасы мен ауызсуда ғана болмайды. Ол тағамдарда да кездеседі. Мысалы: скумбрия, минтай, треска, грек жаңғағы фторға бай. Сондай-ақ, фтор тауық жұмыртқасында, арпада, сұлыда, қарақұмықта және басқа да жармаларда болады. Бұл тағамдарды тұтыну қауіпсіз және ағза жасушаларының жойылу қаупі жоқ екені анық.
Қорыта айтқанда, фтордың қауіптілігі туралы таралған ақпарат дәлелсіз. Онда түтікшеде жүргізілген ескі тәжірибенің нәтижелері келтірілген. Содан бері суды фторлау және фторлы тіс пасталарын қолдану қауіпсіз екендігін дәлелдеген көптеген зерттеулер жүргізілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!