Перизат Қайрат ісі бойынша соттағы жарыссөз кезінде прокурор Арман Кезекен айыпталушының анасы Ғайни Алашбаеваның телефонын тексеру барысында нақты сандар көрсетілген қызық жазбалар табылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараптар жарыссөзі барысында прокурор Ғайни Алашбаеваның телефонынан 2023 жылдың 16 тамызындағы кейбір жазбаларды оқып берді.
"37 миллион теңге - машина, 5 миллион теңге - тіс емдеу, 10 миллион теңге - Турцияға барып емделіп келу, 3 миллион теңге БАДы алып ішу, 10 миллион теңге - қыдыру, 3 миллион теңге - фэншуй, 1 миллион теңге - бадзы оқу, 2 миллион теңге - офлайн бару қыдыру және сол уақытта 3 миллион теңгеге киім алу, 3 миллион теңге білезік ақ алтын бриллиант", – деп оқыды Кезекен.
Прокурордың айтуынша, Перизат Қайрат өзіне және анасына мұндай қымбат шығындарға мүмкіндік берген қаражаттың шығу көзін сенімді түрде түсіндіре алмаған.
"Ол тек Астана мен БАӘ-де пәтер сату, сондай-ақ ет өнімдерін сату жөніндегі расталмаған уәждерге сілтеме жасады. Сотқа ешқандай дәлел ұсынылмады", – депді мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында прокурор Перизат пен анасына жаза тағайындауды сұрады. Тараптардың жарыссөзінде прокурор Перизат Қайратқа мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал оның анасы Ғайни Алашбаеваға орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз