Трейдингтен пайда табуды көздеген Тараз тұрғыны ақшасынан айырылып қалды

Трейдингтен пайда табуды көздеген Тараз тұрғыны ақшасынан айырылып қалды
Фото: depositphotos.com

Трейдингтен мол табыс табуға сенген Тараз тұрғыны 1,9 миллион теңгесінен айырылды. Әйел несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестор ретінде таныстырған адамға аударған. Күдікті ұсталды, қазір оның 29 қылмыстық іске қатысы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, Тараздың 28 жастағы тұрғыны трейдингке тиімді инвестиция салу туралы ұсынысқа қызығушылық танытқан. Оған 50 пайыз табыс уәде етілген.

Осы уәдеге сенген әйел банктен несие рәсімдеп, өзін инвестор ретінде таныстырған адамға 1,9 миллион теңге аударған. Алайда күткен табысына қол жеткізбей, салған ақшасын қайтарып алуда қиындыққа тап болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұсынысты Алматының 24 жастағы тұрғыны жасаған. Оны Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері алаяқтық деректері бойынша қозғалған 29 қылмыстық істі тергеу аясында ұстаған.

Қазір құқық қорғау органдары күдіктінің басқа да оқиғаларға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Полиция қазақстандықтарды жылдам табыс табу туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық жобалар үшін несие алмауға шақырды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда интернет-алаяқтықтың ең көп тараған үш тәсілін атаған еді. Олар – полиция, мемлекеттік орган және банк қызметкерлерінің атын жамылып қоңырау шалу, инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсыну және интернет арқылы сауда жасау кезінде алдау.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай
Logotype Massaget