Тірідей жылан жұтқан ер адам айыппұл арқалады

Өзбекстанның Жызақ облысында ер адам тірідей жылан жұтқаны үшін айыппұл төледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі podrobno.uz сайтына сілтеме жасап. 

Өзбекстанның Жызақ облысында ер адам жыланды тірідей жеген видеосын желіге жүктеп салған. Видео әлеуметтік желіде тарап кетіп, облыстық экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттық өзгерістер департаментінің назарын аударды. 

Табиғатты қорғау агенттігінің қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесіп, жылан жеген азаматтың жеке басын анықтады. Оның бұл әрекеті "Жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану туралы" заң талаптарын бұзу деп саналды. Мамандардың айтуынша, табиғатқа келтірілген шығын 1,1 миллион сумды құраған.

Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 90-1 бабы "Аң аулау ережелерін бұзу, балық аулау және жануарлар дүниесін пайдаланудың басқа да түрлерін бұзу" негізінде ер адамға 7,5 миллион сум айыппұл салынды.

Еске салайық, бұған дейін өзбекстандық дәрігерлер екі жасар Самира есімді қыздың асқазанынан 135 магниттік шарды алып шыққанын жазған едік. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!