- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Транскаспий дәлізі Еуразияда...
Транскаспий дәлізі Еуразияда көлік-логистика байланысын дамытуға тың серпін береді - Президент
Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразия құрлығында көлік-логистика байланысын дамытуға тың серпін береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет. Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды.
Сапар аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімге қол қойдық. Осы коммерциялық келісімдер экономикалық байланысты нығайтуға жол ашады. Біз көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне де назар аудардық. Әсіресе, Си Цзиньпин мырзаның Астанада жариялаған жаһандық "Бір белдеу, бір жол" бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыладық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада.
Президент Транскаспий дәлізінің әлеуетіне жоғары баға берді.
"Ляньюньган, "Қорғас - Шығыс қақпасы" және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазір Аягөз-Бақты үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу іс-шарасына бейнебайланыс режиімінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді", - деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Транскаспий дәлізі арқылы алғашқы көлік керуені аттанғаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен