Алматы әкімдігінің өкілдері трамвай маршруттары тоқтаған соң автобус бағыттарының қалай өзгеретінін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нақтырақ айтқанда, №20 және №112 автобустардың бағыттары өзгереді. №20 маршрут "Рахат" кондитерлік фабрикасынан Мақатаев көшесінің бойымен №5 емханаға дейін жүреді, ал №112 бағыттағы автобус №6 трамвай бағытының жолымен жүреді.
2015 жылдың 16-20 аралығында "Алматыэлектротранс" ЖШС "Метрополитен" КМК зертханасының мамандарымен бірге трамвай жолдарының қауіпсіздігіне тексеріс жүргізген.
Мамандардың қорытындысы бойынша, көптеген ереже бұзылған, нақтырақ айтсақ, барлық құрама тораптың арасында 50 миллиметрге дейін саңылау бар, рельстер 2-2,5 сантиметрге ығысып кеткен, ағаш шпалдар шіріп кеткен, рельстер сынған.
Осылайша, трамвай жолдары апат жағдайында тұр әрі жөндеуді талап етеді. Трамвай жолдарының жағдайына байланысты вагон дөңгелектері де тозған.
Әкімдіктегілердің мәліметінше, 2014 жылы вагондардың рельстен шығып кету дерегі 20 рет тіркелген, ал 2015 жылдың 9,5 айының ішінде вагондар 43 рет рельстен шыққан. Бұл мәліметтер кешенді тексеріс кезінде анықталды, бұл мәліметтерді белгісіз себептермен трамвай депосының басшылығы жария етпей келген.