Кеше облыс орталығында жолаушыларды тасымалдап жүрген трамвайда дәстүрлі әндер айтылып, түрлі ойдың жетегінде жүрген қалалықтар бір серпіліп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақы болмысты әспеттеп, наурыз айындағы мерекелерді жаңғыртатын орындардың бірі – кітапханалар. Кеше Шежіре күні атап өтіліп, "Трамвай паркі" аялдамасы думанға бөленді. Рухани орда қызметкерлері осы айға тұтас мерекелік бағдарлама әзірлеп, біртіндеп көпшілікке тосынсый жасауларын бастап кеткен.
"Осыдан 12 жыл бұрын кітапхананың тың жаңалығы ретінде бастау алған "Оқырман трамвайы" жобасы қайтадан көпшілікпен қауышты. Трамвайдағы қызықты сапарда жолаушылар кітапхана қызметкерлерімен бірге әралуан ойындар ойнап, салт-дәстүр, мереке жайлы викториналық сұрақтарға жауап берді", – деді Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Назгүл Кенжебекова.
Айтыскер ақын Аян Қалымбеков домбыраны күмбірлете тартып, Шәмшінің әндерін, "Көзіңнің мөлдірін-ай", "Күміс құмған-ай", "Беу-айдайды" шырқады. Қоғамдық көлікке мінген өзге ұлт өкілдері де әуенмен тербеліп отырды. Трамвайда талантын байқатып, ән шырқағандарға кейбірі әлеуметтік желі арқылы алғыс білдіріп жатты.
"Жүрек тебірентер әндер екен. Тыңдап отырып, көңілің жай табады. Мазмұны мейірімділікке тұнып тұрғандай", – деді Ирина есімді желі қолданушысы.
Кітапхана қызметкерлеріні айтуларынша, сапар барысында кітапханашылар қала тұрғындарына Наурыз мейрамын тойлаудағы түрлі халықтардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы әңгімеледі. Сауалдарға жауап беріп, белсенділік танытқан жолаушылар мерекелік фоторамкамен безендірілген фотосессияға қатысты.
Сапар соңында әрбір жолаушыға ізгі тілектер жазылған көктем символдарының бірі – Наурызкөк құсының суреті ұсынылды.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!