Теміртауда экологиялық ең таза көлік жұмысын тоқтатты. Бұған себеп кәсіпорынды техникалық тексерістен өткізу болған. Ал белгісіз біреулер осы сәтті пайдаланып, байланыс желісінің 600 метр сымын қолды еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғындары бұрын трамваймен төрт бағыт бойынша жолаушы тасымалданғанын айтады. Бүгінде бұл қоғамдық көлік бір ғана бағыт бойынша қатынайды. Ал қаңтардың ортасынан бастап трамвай қозғалысы тіпті тоқтап қалған.
"Шындығында, олар қаладағы трамвай паркін жауып тастауы мүмкін. Бұл - қаламыздағы жалғыз экологиялық таза көлік. Біздің өнеркәсіптік қаламызда трамвайға сай келер экологиялық көлік жоқ. Ондай болмайды да. Трамвай паркінде жұмыс істейтін адамдар да жұмыссыз қалады", - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Ольга Пекарская.
Қарағандыда трамвай қозғалысы 1997 жылы, ал Алматыда 2015 жылы тоқтатылды. Теміртауда трамвай паркі инфрақұрылымы, жылжымалы құрамы техникалық жағынан тексеріледі деген желеумен ресми түрде тоқтатылып отыр. Ал осы аптаның басында трамвай рельсі бойындағы 600 метр байланыс сымы ұрланған.
"Трамвай паркі жұмыс істегеніне 60 жылдан аса уақыт болды. Паркті жаңғыртатын болса, онда бізге жаңа вагондар, жолдар, кабель қондырғылары қажет және ғимарат бойынша да не қажет екенін қарастыру керек. Бұл бір күннің шаруасы емес, ауқымды жұмыс және оған керек қаражат мөлшері де біршама", - дейді трамвай паркін басқарушы компания басшысы Нұрлан Рыспеков.
Қала құраушы кәсіпорын трамвай депосын қала балансына өткізбек. Бүгінде сараптама комиссиясы техникалық тексеріс жүргізіп жатыр. Атқарушы билік бұл экологиялық таза көлік түрін сақтап қалуды көздеп отыр. Бірақ трамвай паркін жаңғыртуға 10 миллиард теңгеден асатын қаржы қажет болған жағдайда паркті жауып тастауы да ықтимал.
"Трамвай вагондары жаңартылмаған. Оларға талаптарды айттық. Бірақ шешім жоқ", - дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Сараптама комиссиясы қорытындысы 2 айдан кейін жарияланады.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!