АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына серіктес ретінде қосылды,, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Financial Times-қа сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Дональд Трамптың үлкен ұлы Дональд Трамп-кіші және Эрик Трамппен байланысы бар компания аса маңызды минералдарды өндіретін холдингпен бірігуге келіскен. Бұл холдинг 2025 жылы Қазақстанда вольфрам өндіру үшін АҚШ тарапынан шамамен 1,6 миллиард доллар көлемінде мемлекеттік қолдау алған.
Мәміле тізбегі қалай құрылған?
Басылым дереккөздерінің айтуынша, АҚШ президентінің ұлдары былтыр Skyline Builders құрылыс компаниясынан үлес сатып алған. Бірақ олар мұны тікелей емес, Dominari Securities LLC инвестициялық-консалтингтік фирмасымен байланысы бар құрылым арқылы жасаған.
Басылымның жазуынша, Skyline Азияда "аса маңызды минералдар бойынша ірі активтері" бар компанияның 20 пайыз үлесін сатып алуға шешім қабылдаған. Мәміле құны - 20 миллион доллар, яғни шамамен 10,6 миллиард теңге. Әңгіме америкалық Cove Capital инвестициялық тобының еншілес компаниясы туралы болып отыр.
Financial Times-тың жазуынша, Cove Capital пен "Қазақстанның ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ "ірі барланған, бірақ әлі игерілмеген вольфрам кен орнын" игеру жөніндегі мәмілені жариялаған. Кейін Cove Capital құрылымдары Skyline компаниясымен бірігуге келіскен.
Осы бірқатар мәміленің нәтижесінде Kaz Resources деп аталатын жаңа компания пайда болған. Басылым дерегінше, бұл компания Nasdaq биржасына шығуға дайындалып жатыр.
Ресми релизде не айтылған?
Kaz Resources компаниясының ресми сайтында 30 сәуірде жарияланған пресс-релизде Skyline Builders Group Holding Ltd пен Cove Kaz Capital Group LLC бірігу жөнінде келісімге келгені хабарланды. Біріккен компания АҚШ-қа вольфрам, сирек кездесетін жер элементтері және басқа да аса маңызды минералдарды жеткізумен айналыспақ.
Пресс-релизде бұл мәміле арқылы Skyline компаниясы өзінің стратегиялық мақсатын орындап, АҚШ-тағы аса маңызды минералдардың негізгі жеткізушісіне айналуды көздейтіні айтылған. Сонымен қатар, Kaz Resources тек вольфрам ғана емес, литий, бериллий, тантал, ниобий және рубидий сияқты басқа да сирек кездесетін элементтерді жеткізуге дайын екені көрсетілген.
Бұдан бөлек, бизнесті біріктіру мәмілесіне Қазақстанда 15 лицензиясы бар тағы бір америкалық KAZ Critical Minerals компаниясы да кіретіні айтылды.
Әңгіме қай кен орны туралы?
Пресс-релизге сәйкес, мәміленің негізінде "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясынан "Северный Катпар" ЖШС еншілес құрылымындағы 70 пайыз акцияны сатып алу жатыр. Бұл компания Қарағанды облысындағы екі кен орнына - "Северный Катпар" және "Верхний Кайракты" кен орындарына лицензия иеленген.
"Тау-Кен Самұрық" сайтында "Северный Катпар" қоры жағынан орташа кен орны ретінде көрсетілген. Ал "Верхний Кайракты" кен орнын мамандар бірегей нысан деп бағалайды. Ол әлемдегі ең ірі үш вольфрам кен орнының қатарына кіреді, қоры 1 миллион тоннадан асады.
"Қазақстандық тарап бақылауды сақтап қалады"
Биыл 21 сәуірде "Тау-Кен Самұрық" сайтында компания мәмілеге қатысты түсініктеме жариялады. Онда вольфрам кен орындарын сату туралы сөз болып отырмағаны атап өтілді. Дегенмен компания Cove Capital бірлескен кәсіпорынның жарғылық қорындағы 70 пайыз үлесті алатынын растады.
"Америкалық инвестормен жасалған келісім Северный Катпар және Верхнее Кайракты кен орындарын игеру жобасына стратегиялық капитал мен ғылымды қажет ететін технологияларды тартуды көздейді. Келісім аясында компания 1 миллиард доллардан аса қаржыландыруды, сондай-ақ, осыған байланысты техникалық және операциялық тәуекелдерді өз мойнына алады", - делінген мәлімдемеде.
Компания қазақстандық тарап кен орны мен жобаны іске асыру бойынша стратегиялық бақылауды сақтап қалатынын атап өтті.
Сондай-ақ, жобаның Қазақстан аумағында дайын өнім шығаруға бағытталғаны айтылды. Бұл ел ішінде қосымша құн қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.
"Сонымен қатар, халықаралық серіктестің қатысуы вольфрам өнімдері үшін тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етеді. Қазір бұл өнімге отандық экономикада кең сұраныс жоқ", - делінген хабарламада.
АҚШ-қа Қазақстанның сирек металдары не үшін қажет?
Сарапшылар сирек кездесетін элементтерді қазіргі технологиялық экономика үшін аса маңызды болғандықтан "жаңа мұнай" деп атайды. Олар электроника өндірісінде және қорғаныс өнеркәсібінде қолданылатындықтан, ең алдымен ірі өндірісі бар мемлекеттер үшін стратегиялық маңызға ие.
Сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу бойынша әлемдік көшбасшы - Қытай. Bloomberg сарапшылары Қытай бұл металдарды АҚШ-пен арадағы сауда қақтығысында қысым құралы ретінде пайдаланып отырғанын жазады. Мәселен, былтыр Трамп енгізген баж салығына жауап ретінде Қытай үкіметі сирек кездесетін элементтер экспортына жаңа шектеулер енгізген.
Осылайша, Қытайдың бұл нарықтағы үстемдігі тиімді экономикалық тетікке айналды. Сондықтан АҚШ сирек кездесетін элементтерді жеткізудің балама жолдарын іздеп жатыр.
Айта кетейік, биыл ақпанда Трамп АҚШ-тың Қытайға тәуелділігін азайту үшін құны 12 миллиард доллар болатын стратегиялық маңызды минералдар қорын құру жоспары бар екенін мәлімдеген. Бұл туралы Bloomberg те жазды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz