• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Трамптың шешімін құптаймыз - Президент

Трамптың шешімін құптаймыз - Президент
Фото: ©️ instagram/whitehouse

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес  болса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың бұл қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді", - деді Президент.

Мемлекет басшысы мұнай бағасына қатысты жағдайға да пікір білдірді.

"Апта басында барлық негізгі индекстің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады. 

Базалық тариф 10 пайыз деңгейінде, алайда ол көптеген мемлекет үшін жоғары болмақ. Мәселен ЕО елдерінен келетін тауарға 20 пайыз, Швейцария үшін 31 пайыз, Ұлыбритания үшін 10 пайыз, Израиль үшін 17 пайыз, Қазақстан үшін 27 пайыз болады.

Ең жоғары төлем Вьетнамға (46 пайыз), Камбоджаға (49 пайыз), Лаосқа (48 пайыз) жүктелген.

Кейінірек Қазақстанның Сауда министрлігі осы жағдайға пікір білдірді. 

Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды қоспағанда, әлем елдерінің тауарларына бұған дейін жариялаған баж салығын 90 күнге тоқтатты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget