Трамптың инаугурациясына Қазақстан атынан кім барады?

Трамптың инаугурациясына Қазақстан атынан кім барады?
Фото: depositphotos.com

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурациясына Қазақстан атынан кім қатысатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

20 қаңтарда Вашингтонда өтетін рәсімге Қазақстан атынан АҚШ-тағы елші Ержан Ашықбаев барады.

gov.kz

Ержан Ашықбаев 2021 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарады. 2013 жылдан 2021 жылға дейін сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Инаугурация - АҚШ-тағы президенттік билікті берудегі маңызды сәт. Осы ресми рәсім кезінде қазіргі президент өз өкілеттігін келесі президентке береді.

Президент сайлауы туралы не белгілі?

2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл - елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.

Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол барлық негізгі штатта жеңіске жетті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы алғашқы сайлау учаскелері жабылғаны хабарланды. Кейін Associated Press мынадай статистика келтірді: Трампта 230 дауыс, Харристе 187 дауыс. Мұндай деректерді "Америка дауысы" да келтірді: 230 және 179 дауыс.

Сонымен қатар Трамп негізгі жеті штаттың алтауында көш бастады. 

Артынша Дональд Трамп Флоридада жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлаудағы жеңісін жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Сарапшылар бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты. 

Анықтама: Сайлауда америкалықтар жаңа президентті ғана емес, вице-президентті, конгрестің 468 мүшесін, 11 штаттағы губернаторларды, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өкілдерді анықтады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget