20 қаңтар, дүйсенбі күні Вашингтондағы Капитолийдің батыс қасбетінде өткізілген Дональд Трамптың Америка Құрама Штаттарының жаңа 47-президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтті. Ресми түрде екінші рет таққа отырған Трамптың саясаты елімізге және жаһанға қалай әсер ететіні жайлы Massaget.kz тілшісі саяси сарапшыдан сұрап білді.
Нұрболат Нышанбаев
саясаттанушы
Трамптың қырық жетінші президент болып таққа жайғасуы алдағы 5 жылда тек халықаралық саясатта ғана емес, жалпы әлемдік тәртіпке көп әсерін береді дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев. Ол өз болжамын бірнеше бөліктерге бөліп түсіндіріп берді:
1. Трамптың осыған дейін берген уәделері. Америка өз саясатын жүзеге асыру мақсатында қайтадан оқшаулану саясатына көшеді. Халықаралық ұйымдардан белсенділігін төмендетіп, аймақтардағы халықаралық конфликтерге, жалпы әлемдік тәртіпке жауап беру қызметінен бас тартып, өзінің ішкі саясатын бірінші орынға қоятын болады.
2. Қазақстан мен АҚШ саясаты. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Американың байланысы қайта қалпына келеді деп ойлаймын. Себебі Байден әкімшілігі кезінде соңғы 5 жылдықта жалпы Орталық Азияда АҚШ-тың рөлі біршама төмендеген болатын. 2021 жылы Ауғанстаннан АҚШ әскері шығарылғаннан кейін де, Орталық Азия Америка үшін бейтарапқа айналғандай болды.
3. Қытай мен АҚШ. Трамптың қайта келуі Қытайдың негізінде Орталық Азияның ықпалын арттырады деп ойлаймын. Себебі Трамптың сайлауалды бағдарламасында берген уәделерінің бірінде Қытайдың негізсіз және әділетсіз экономикалық экспансиясына тосқауыл қоюға, сондай-ақ Қытайдың экономикалық байланысын толықтай қайта қарау болды. Себебі Трамптың пікірінше Қытай әлемдік экономикада әділетсіз үстемдікке ие болады. Сондықтан менің ойымша Америка мен Қытайдың арасындағы байланыста Орталық Азияның ықпалы артатын болады.
4. Қазақстан үшін АҚШ президентінің рөлі. Қазақстан үшін Америка билігіне кімнің келетіні аса маңызды емес. Себебі Қазақстан Америкамен соңғы 30 жылда құрылымдық негізде толықтай бекіген. Өзара сенімге негізделген прагматикалық қарым-қатынастамыз.
Сарапшы Трамптың НАТО ұйымы мен Батыс елдері арасында да саяси өзгерістер енгізетінін айтты.
"Трамп билікке келмей тұрып соңғы жылдары әлем елдері бір-екі блокқа бөлініп жатқандай көрінеді. Батыс тарапынан санкцияға ұшыраған елдер 2024 жылы 24 қазанда Қазан қаласында БРИКС ұйымының саммитін өткізді. Сол кезде де байқағанымыздай, әлемде батыстық негіздегі тәртіпке риза емес мемлекеттер сондай бір баламалы басқару жүйесін қалыптастырып жатыр. Сондықтан Американың Қытаймен байланыстық ұстанымы барынша беки түседі", - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, НАТО алдағы жылдары Еуропалық қауіпсіздік ұйымына айналып кетуі де мүмкін.
"Трамптың алғаш президент болған кезінде "НАТО ұйымынан шығамыз, БҰҰ-дан шығамыз, НАТО-ны қаржыландырмаймыз, бұл жерде әділетсіздік бар, біз өзіміздің одақтастарымыздың саясатын қайта қараймыз" деген еді. Әлемдік саясатта НАТО (Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы - еск.) менің ойымша Еуропалық қауіпсіздік ұйымына айналатын сияқты. Десе де, бұл тұрғыда Еуропа мен АҚШ арасындағы байланыс та белгілі бір өзгерістерге тап болады", - деп қосты ол.
Трамптың АҚШ-ты қайта басқаруы бірнеше жылға созылған халықаралық қақтығыстарға тосқауыл болатынын айтты сарапшы.
"Әлемдік саясатты айтар болсақ, Трамптың айтуы бойынша нақты Украина мен Ресей арасындағы конфликт 24 сағаттың көлемінде тоқтайды. Менің ойымша, 24 сағат болмаса да осы жылы конфликт бәсеңдеп, белгілі бір фазаға түседі. Әрі қарай ортақ келісімге келу басталады деп ойлаймын. Себебі осыған дейін демократиялық партия барынша Украина тарапын қаржылай да, әскери техникалармен де қолдап келді. Енді ол көмек тоқтайды. Алдағы уақытта Америка тарапынан ұсынылатын бейбіт келісімшарттың мазмұны қалай болады? Оны Ресей қалай қабылдайды? Украинаға қаншалықты тиімді болады? Украина қалай қабылдайды? Ортақ мәмілеге келу мүмкін бе? Бұл менің ойымша, Трамптың саясаткер ретінде нағыз сыналатын тұсы", - деп қосты сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та Трамптың инаугурациясына бір күн қалғанда TikTok қосымшасы бұғатталғанын жазған едік. Кейін ұлықтау рәсімі аяқталғаннан кейін қайта қосылған болатын. Сондай-ақ Трамптың ұлықтау рәсімінде не айтқаны жайлы жаздық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-ші Президенті Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!