АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұшағы Мәскеуге қонды. Бұл туралы ресейлік БАҚ америкалық блогерлерге сүйене отырып жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Flightradar мәліметтері бойынша Уиткофф ұшатын Gulfstream G650ER бизнес джеті Мәскеудегі Внуково әуежайына жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10 шамасында қонған.
t.me/mash
Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде Трамптың арнайы өкілі Мәскеуге келгені туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
"Ешқандай ақпарат жоқ, бізде ешқандай кездесу жоспарланбаған", - деді Песков журналистерге.
Стивен Уиткофф - америкалық кәсіпкер және коммерциялық жылжымайтын мүлік инвесторы. 2024 жылы желтоқсанда ол АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі болып тағайындалды.
Екі ай ішінде ол Израиль мен ХАМАС-ты келіссөздер үстеліне отыруға, бітімге келуге мәжбүр еткені айтылады.
Еске салайық, бұған дейін Трамп Ресеймен және Украинамен өтетін кездесу жоспары туралы айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова