Трампқа қастандық жасалуы мүмкін: Израиль АҚШ-қа ескерту жасады

Израильдің "Моссад" барлау қызметінің айтуынша, Иран АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктерге қастандық жасауды жоспарлап жатыр. Бұл ақпаратты "Моссад" АҚШ Орталық барлау басқармасына (ЦРУ) жеткізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Израиль мен АҚШ-тағы жоғары лауазымды дереккөздеріне сүйенген Israel Hayom газетіне сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, бұл ақпарат АҚШ тарапының өтініші бойынша тексерілген. Израиль барлау қызметі жинаған деректерді Батыстың тағы бір барлау мекемесі растаған деген ақпарат бар. Сондай-ақ, "Моссад" басшысы Роман Гофман Вашингтонға сапары кезінде ОББ директоры Джон Рэтклиффпен жеке кездескені хабарланды.

АҚШ-қа берілген барлау мәліметтерінде жарылғыш зат тиелген дрондармен шабуыл жасалу қаупі айтылған. Мұндай шабуылдардан қорғану үшін жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үйреншікті шаралары жеткіліксіз болуы мүмкін.

Осы ескертуден кейін Вашингтонда қауіпсіздік шаралары шұғыл күшейтілген. Дональд Трамптың ашық алаңдарда сөз сөйлеуіне шектеу қойылып, президент қатысатын іс-шараларда дрондарды анықтап, олардың жұмысын тоқтататын арнайы құрылғылар орнатылған.

Бұдан бөлек, қауіп төнуі мүмкін бірқатар жоғары лауазымды шенеунік жеке үйлерінен күзеті күшейтілген әскери нысандарға көшірілген.

Олардың қатарында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Пентагон басшысы Пит Хегсет бар екені айтылды.

Israel Hayom дереккөздерінің айтуынша, осы мәліметтер Ақ үйдің Иранға қатысты ұстанымын қатаңдатып, дипломатиялық келіссөздерден бас тартуына әсер еткен негізгі себептердің бірі болған.

Бұған дейін Дональд Трамп Иранмен келіссөз жүргізудің енді қажеті жоқ екенін мәлімдеген еді.

"Бізге Иранмен келісім қажет емес. Ол уақыт әлдеқашан өтті", – деді АҚШ президенті.

Израиль барлау қызметінің Иран Дональд Трампқа қастандық жоспарлап жатқаны туралы құпия ақпаратты АҚШ-қа бергені жөніндегі хабар бұған дейін де тараған.

Маусымда The Wall Street Journal басылымы өз дереккөздеріне сүйеніп, осындай мәлімет жариялаған болатын. Сол кезде Дональд Трамп НАТО саммиті аясында өзіне қауіп төніп тұрғанын жанама түрде растаған.

"Олар АҚШ басшысын, яғни мені өлтіргісі келеді... Мен барлық тізімде бармын", – деп келтірді БАҚ Трамптың сөзін.

Жуырда АҚШ Құпия қызметінің өкілдері Ақ үй маңында қаруланған ер адамды ұстады. Ол Дональд Трампты өлтіруге ниетті екенін айтқан.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Венесуэланың 29 жастағы азаматы АҚШ президентінің резиденциясына жақын жерде ұрланған көлікте отырған.

Көлікті тінту кезінде арнайы қызмет өкілдері AR-15 үлгісіндегі қару, екі тапанша және көп мөлшерде оқ-дәрі тапқан.

Ұсталған ер адам жауап алу кезінде Дональд Трампқа қастандық жасау үшін Вашингтонға келгенін айтқан. Ол мұндай әрекетке баруына "басындағы дауыстардың бұйрығы" себеп болғанын мәлімдеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!