Дональд Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штаты ретінде құрамына қосып, ел президентінің орнына губернатор сайлауды ұсынды. Бұл туралы ол Техаста өткен сайлауалды жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz РБК-ға сілтеме жасап.
«Мүмкін, бір күні, бәлкім, жақын арада Венесуэла гүлденген 51-штатқа айналар. Бұл мүмкін. Осыны жүзеге асырайық. Оны 51-штат етейік, сонда президенттің орнына губернатор сайлайтын боламыз. Бұған қалай қарайсыздар? Түсінікті ме?» – деді Трамп.
АҚШ басшысы мамыр айында да Венесуэланы елдің 51-штатына айналдыру мүмкіндігін шындап қарастырып жүргенін айтқан еді. Ол мұндай қызығушылығын Венесуэладағы мол мұнай қорымен түсіндірді.
Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес бұл ұсынысты қабылдамай, елдің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға ниетті екенін мәлімдеді.
«Венесуэла – отар емес, азат ел», – деді ол.
2026 жылғы қаңтарда АҚШ әскері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын тұтқындады. Осыдан кейін мемлекет басшысының міндеті Родригеске жүктелді. Қазір Мадуро АҚШ-та қамауда отыр. Оған есірткі тасымалына байланысты айыптар тағылған.
Қазан айының басында Венесуэла оппозициясының көшбасшысы әрі Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо келесі жылы елде сайлау өткізуге шақырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз