АҚШ президенті Дональд Трамп трансгендерлердің әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуына тыйым салатын жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақ үй сайтының хабарлауынша, Трамп "әйелдер мен қыздардың қауіпсіз және әділ спорт түрлерінде бәсекеге түсу мүмкіндіктерін қорғау туралы" жарлыққа қол қойды.
Ақ үйдегі құжатқа қол қою рәсіміне әртүрлі жастағы спортшылар, қыздар мен әйелдер шақырылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бұдан былай әйелдер спорты тек әйелдерге арналады. Осы жарлықтан кейін әйелдер спортындағы соғыс аяқталады", - деді Трамп.
Жарлық мәтінінде кейінгі жылдары АҚШ-та көптеген оқу орындары мен спорт бірлестіктері "еркектерге әйелдер спортына қатысып, жарысуға мүмкіндік беріп келгені" айтылған.
"Бұл әйелдер мен қыздарды кемсітеді, әділетсіз әрі қауіпті және әйелдер мен қыздардың бәсекеге қабілетті спорт түрлеріне қатысу және табысқа жетудегі тең мүмкіндігінен қағып келді", - делінген құжатта.
Білім министрлігіне жарлық талаптарын мүлтіксіз орындау және қажет болған жағдайда трансгендерлердің әйелдермен қатар бәсекеге түсуіне мүмкіндік беретін оқу орындарын қаржыландыру шарттарын қайта қарау тапсырылды.
Жаңа ережелер бірінші кезекте орта мектеп, колледж және әуесқойлар жарыстарына қатысты болады, бірақ Дональд Трамп Халықаралық Олимпиада комитетін 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін ережелерді өзгертуге үгіттейтінін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лес