Трамп Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақ үй басшысы бұл туралы 23 желтоқсан, сейсенбі күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. Трамптың айтуынша, ол Тоқаевпен телефон арқылы "өте жақсы" сөйлескен.

Әңгіме барысында тараптар жалғасып жатқан қақтығыстарда бейбітшілікті орнықтырудың маңызын, сондай-ақ, елдер арасындағы сауда мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған. Трамп Қазақстанмен қарым-қатынас "өте жақсы қалыптасып жатқанын" атап өтті.

Келесі жылы АҚШ G20 саммитін қабылдайтынын еске салған ол Қазақстан басшысын бұл "аса маңызды шараға" қонақ ретінде қатысуға шақыру жолдайтынын айтты.

"Саммит Майамиде өтеді", - деп қосты Трамп.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әңгіме өрбітті. 

Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібі мен халықаралық ахуал, соның ішінде Украина проблематикасы жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қарашада Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтты.

Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеудің күрделі сипатына назар аударды. Өйткені бұл шиеленісте территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналып отыр. Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды.

Еліміз барлық тарапты төзімділік, икемділік және кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Бұл ретте Қазақстан араағайын емес, бірақ қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеті арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыс тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін күшейтуде оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Америка Президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Бұл екіжақты қарым-қатынастағы тарихи уақиға болатынына сенім білдірді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!