Трамп ресми түрде президент болды: ол ұлықтау рәсімінде не айтты?

Трамп ресми түрде президент болды: ол ұлықтау рәсімінде не айтты?
Фото: depositphotos.com

Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-ші президенті болды және Капитолий ғимаратында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Трамп өзінің инаугурациялық сөзін президент ретінде екінші рет ант қабылдағаннан кейін бастады. Ол жиналған адамдарға, вице-президент Джей Ди Вэнске және басқа саясаткерлер мен судьяларға алғыс айтты.

"Қазір Американың алтын ғасыры басталады. Осы күннен бастап біздің еліміз өркендеп, бүкіл әлемде қайтадан құрметке ие болады. Біз әр ұлттың қызғанышына айналамыз және енді өзімізді манипуляциялауға жол бермейміз", - деді Трамп.

Саясаткер өзінің инаугурациялық сөзінде Әділет министрлігінің саяси мақсатта қолданылуын тоқтататынын айтты.

"Әділет таразысы қалпына келтіріледі. Әділет министрлігі мен үкіметті зорлық-зомбылықпен және әділетсіз қару ретінде пайдалану тоқтайды", - деп атап өтті Трамп.

Сонымен қатар американдық көшбасшы Оңтүстік шекарада ұлттық төтенше жағдай жариялайтынын айтты.

"Шекарадан өтудің барлық заңсыз әрекеттері дереу тоқтатылады. Үкімет миллиондаған қылмыстық иммигранттарды қайтара бастайды", - деді ол.

Трамп сонымен қатар картельдерді "шетелдік террористік ұйымдар" деп белгілейтінін айтты.

Қара нәсілділер мен латын қауымдастықтарына өзіне дауыс беру арқылы білдірген "үлкен махаббаты мен сенімі" үшін алғыс айтты.

"Мен сайлау кезіндегі сіздердің дауыстарыңыз жайлы білемін және алдағы жылдары сіздермен жұмыс істеуді асыға күтемін", - деп атап өтті ол.

Еске салайық, бүгін 20 қаңтарда АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың ресми ұлықтау рәсімі өтіп жатыр.

Американдық порталдардың жазуынша, Трамптың ұлықтау рәсіміндегі сөзі ең ұзақ болды. C-Span есептеулеріне сәйкес, президент Трамптың сөзі шамамен 29 минутқа созылды.

Трамптың 8 жыл бұрынғы алғашқы ұлықтау рәсіміндегі сөзі 16 минуттан сәл асқан болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова
Logotype Massaget