Трамп райынан қайтты: АҚШ Иранға соққы орнына келісімге басымдық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен бейбіт келісім жасалуы мүмкін болғандықтан, Иранға соққы жасау жоспарының тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Америка президентінің айтуынша, әзірленіп жатқан келісім Ормуз бұғазын дереу әрі толық ашуды, сондай-ақ, Иранның ядролық бағдарламадан бас тартуын қамтиды.

"АҚШ Иранға Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған қуатпен және күшпен соққы жасауға дайын. Алайда Тегеран мен Таяу Шығыстағы бірқатар ел жаңа ғана шабуыл жасамауды сұрады, өйткені келісім шарттары мақұлданған. Ол Ормуз бұғазын дереу әрі толық ашуды және Иран тарапынан төнетін ядролық қатерді тоқтатуды қамтиды. Осы өтінішке байланысты келісім тез арада жасалады деген шартпен шабуылды тоқтатуға келістім. Израиль мен қабылдаған бұл шешімді қолдайды", - деп жазды Трамп.

Бұған дейін The New York Times Трамптың Таяу Шығыстағы алдағы іс-қимылға қатысты үш нұсқаны қарастырып жатқанын жазған еді. Олар - әскери қақтығысты күшейту, Иранға экономикалық қысым жасау немесе өзінің жеңісін жариялап, АҚШ әскерін аймақтан шығару.

Жұма, 31 шілдеде Трамп Иранды қаруын тастауға мәжбүрлеу үшін инфрақұрылым нысандарына жойқын соққылар жасалуы мүмкін екенін тағы да ескертті.

Бұған жауап ретінде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи "Ислам республикасы өзінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғауға толық дайын" екенін мәлімдеді.

Axios басылымы дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ билігі Иранның қақтығысты ушықтыруға дайын екеніне таңғалғанын жазды. Басылым дереккөздерінің бірі кейінгі күндері ирандықтар "өте агрессив әрекет еткенін" айтқан.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!