Трамп Путинмен кездесуден кейін Зеленскийге кеңес берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін украиналық әріптесі Владимир Зеленскийге Мәскеумен келісім жасап, қақтығысты реттеуді ұсынды. Бұл туралы Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қолдан келе ме, соны білгім келеді. Келісім әзірге дайын емес. Украина келісуге тиіс. Айтқым келгені, білесіздер, президент Зеленский келісуі керек, себебі ол бұл қорқынышты соғыстан көп нәрседен айырылып жатыр", – деді Трамп Ресей мен Украина арасындағы келісім жөнінде.

Оның айтуынша, Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келісімге келу мүмкіндігі енді Зеленский мен Еуропа елдеріне байланысты.

"Біз көптеген тармақ бойынша келісімге келдік... Енді келісімді аяғына дейін жеткізу Зеленскийдің қолында. Еуропа елдері де бұл іске аздап араласуы керек. Бірақ бәрі... Зеленскийге байланысты... Украина келісуге тиіс. Мүмкін, олар "жоқ" дер", – деді Трамп.

"Келісімге қол қойыңдар. Ресей – өте үлкен мемлекет. Ал Украина ондай емес", – деп қосты АҚШ президенті.

АҚШ басшысы Путинмен кездесуін "өте жақсы" деп сипаттады. Алайда Ресей президентімен келіссөз тұстарын ашып айтудан бас тартты.

"Мен мұны жария еткім келмейді. Оны бәрібір біреу жариялап қояды, сосын барлығы түсінікті болады", – деді саясаткер.

Трамп тараптар өзінің, Путиннің және Зеленскийдің қатысуымен кездесу өткізуге дайындықты бастап кеткенін мәлімдеді.

"Зеленский де, Путин де менің кездесуде болғанымды қалайды. Мен сонда боламын", – деді ол.

Бұған дейін Аляскада Трамп пен Путиннің келіссөздері өткен болатын. Негізгі тақырып Украинадағы қақтығысты реттеу болды. Келіссөздер "үшке үш" форматында өтті және екі сағат 45 минутқа созылды. Кездесуден кейін тараптар журналистер алдында мәлімдеме жасады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!