АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей және Украина басшылары – Владимир Путин мен Владимир Зеленскиймен үшжақты саммит өткізгісі келетінін мәлімдеді. Ол бұл туралы 22 тамызда өткізуді жоспарлап отырғанын украиналық әріптесіне және Еуропа лидерлеріне телефон арқылы сөйлесу барысында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Axios порталына сілтеме жасап.
"Трамп Зеленскийге және әңгімелескендерге саммитті жедел түрде, 22 тамызда өткізгісі келетінін айтты", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Трамп Путинмен Аляскада өткен келіссөздердің қорытындысын "өте сәтті" деп атаған еді. Ол дүйсенбіде Вашингтонда Зеленскиймен кездесетінін, ал егер бәрі ойдағыдай болса, Ресей басшысымен де келіссөз ұйымдастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, Ақ үй басшысы "бес соғысты тоқтатқанын" айтып, Нобельдің бейбітшілік сыйлығына лайық екенін меңзеді.
Ал Еуропалық одақ Трамп пен Путин саммитінен кейін Украинаны қолдайтынын және Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтетінін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек