Трамп пен Зеленский ертең Флоридада кездеседі

Трамп пен Зеленский ертең Флоридада кездеседі
Фото: Shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі, 28 желтоқсанда Флоридада кездеседі. Бұл туралы Ақ үй мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости-ке сілтеме жасап.

АҚШ көшбасшысының кестесіне сәйкес, екіжақты келіссөздер түстен кейін сағат 15:00-де (Астана уақытымен 02:00) Палм-Бич қаласында өтеді. Іс-шараға журналистерді қатыстыру жоспарланған.

Бұған дейін Зеленский Флоридада Трамппен кездесетінін хабарлаған еді. Украина президентінің айтуынша, ол кездесуде Киев әзірлеген 20 тармақтан тұратын жаңа бейбіт жоспарды таныстырады.

Axios басылымына берген сұхбатында Зеленский АҚШ Украинаға 15 жылға арналған қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынғанын, әрі оны кейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

Ал Politico-ға берген сұхбатында Трамп алдағы кездесуде белгілі бір келісімге келу ықтималдығын жоғары бағалайтынын жеткізді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget