АҚШ президенті Дональд Трамп пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 25 қыркүйекте Вашингтонда кездеседі. Алдағы кездесудің және келіссөздердің егжей-тегжейін екі ел басшылары әлеуметтік желілерде бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дональд Трамп кездесуді Truth әлеуметтік желісінде жариялады.
"25 қыркүйекте Ақ үйге Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған келетініне қуаныштымын. Біз президентпен бірге Boeing ұшақтарын ірі көлемде сатып алу, F-16 бойынша келісім және F-35 жөніндегі келіссөздерді жалғастыруды қоса алғанда, көптеген сауда және әскери келісім бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл келіссөздердің сәтті аяқталатынына сенеміз. Президент Ердоғанмен өте жақсы қарым-қатынастамыз. Онымен кездесуді асыға күтіп жүрмін", – деп жазды Трамп.
Өз кезегінде Ердоған алдағы кездесу соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға, сондай-ақ Түркия мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.
"Ақ үйде менің қымбатты әріптесім әрі досым, АҚШ президенті Дональд Трамппен өтетін алдағы кездесуде біз стратегиялық қарым-қатынасымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Әсіресе сауда, инвестиция және қорғаныс өнеркәсібі мәселелеріне басымдық береміз", – делінген Түркия көшбасшысының Түркиядағы NSosyal әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламасында.
Ал күні кеше Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті. Екі ел басшысы TikTok-қа қатысты мәмілені талқылап, сондай-ақ әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы жалғасып жатқан сауда соғысы мәселесін қозғады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!