АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан төніп тұрған "ядролық қаупі" жойылғаннан кейін мұнай бағасы құлдырайды деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы америкалық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
"Аз уақытта мұнай бағасы өсуі мүмкін, бірақ Ираннан төнген ядролық қауіп жойылғаннан кейін ол күрт төмендейді. Бұл АҚШ пен бүкіл әлемнің қауіпсіздігі үшін төленетін баға", - деп атап өтті ол.
РИА Новости агенттігінің сауда деректеріне сүйенген мәліметіне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 2022 жылғы шілдеден бері алғаш рет 110 доллардан асты.
"Дүйсенбіде сауда ашылған кезде Brent маркалы мұнайдың мамырдағы фьючерстерінің бағасы 110 доллардан жоғары болды", - делінген хабарламада.
Қазақстанда сағат 03:58-дегі жағдай бойынша бір баррельдің бағасы 108,62 доллар болып, алдыңғы жабылу бағасымен салыстырғанда 17,19 пайыз өсті.
Ал ұлыбританиялық Financial Times басылымы трейдерлерге сілтеме жасап, мұнай саласы тарихтағы ең ауыр дағдарыстардың бірімен бетпе-бет келгенін жазады. Таяу Шығыстағы көптеген ел мұнай өндіруді қысқартып, кейбірі кен орындарын мүлде жауып жатыр.
Қақтығыс ушығуына байланысты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы тоқтап қалған. Сонымен қатар, сақтандыру компаниялары қауіпсіздік қатері артқандықтан тарифтерді көтеріп, сақтандыру шарттарын қайта қарап жатыр.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы - Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілетін ең маңызды бағыттардың бірі. Бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай, мұнай өнімдері және сұйытылған газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы өтеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz