Трамп Мадуроны ұстау кезінде АҚШ қандай құпия қару қолданғанын айтты

Трамп Мадуроны ұстау кезінде АҚШ қандай құпия қару қолданғанын айтты
Фото: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскерилер Венесуэлаға жасалған шабуыл кезінде және ел президенті Николас Мадуроны алып қашу операциясында қолданды деп болжанатын құпия қарудың атауын жария етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.

"Дискомбобулятор. Бұл туралы айтуыма болмайды. Олар (венесуэлалық әскер – ред.) өз ракеталарын іске қоса алмады. Оларда ресейлік те, қытайлық та ракеталар болды, бірақ бірде-бірі жұмыс істемеді. Біз кірдік, олар түймелерді басты – ештеңе болмады. Олар біздің шабуылға толық дайын еді", – деді Трамп New York Post басылымына берген сұхбатында.

Журналистермен әңгіме барысында АҚШ президенті discombobulator сөзін қолданған, оны тура мағынасында "дезориентатор" деп аударуға болады. Discombobulator сөзі discombobulate (адастыру, абдырату) етістігі мен -or жұрнағының бірігуінен шыққан.

Бұған дейін New York Post венесуэлалық әскери қызметкерге сілтеме жасап, Мадуроны қолға түсіру операциясы кезінде америкалықтар жергілікті әскери күштер бұрын-соңды кездестірмеген белгісіз қаруды қолданғанын жазған.

Оның айтуынша, десантпен түскен америкалық сарбаздар "күшті дыбыс толқынын" шығаратын ерекше қаруды пайдаланған. Әскерилердің бірінің сөзінше, ол кезекшілікте тұрған сәтте әуе қорғанысы жүйесінің барлық радары кенеттен істен шыққан, аспанда көптеген дрон пайда болған, артынша тікұшақтар көрінген.

"Бұл өте қуатты дыбыс толқынына ұқсады: бас іштен жарылып кететіндей әсер болды. Бәрінің мұрнынан қан ақты, кейбірі қан құса бастады. Қозғала алмай, жерге құлап түстік", – деді куәгер.

АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген "Абсолют табандылық" операциясы 3 қаңтарға қараған түні бар болғаны 2 сағат 20 минутқа созылған. АҚШ Каракасқа ауқымды соққы жасап, президент Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстап, кемемен елден алып шыққан. Қазір олар Бруклиндегі тергеу изоляторында отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget