Трамп Кубаға қатысты тосын мәлімдеме жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаны бақылауға алуды өзі үшін "құрмет" санайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі CNBC-ке сілтеме жасап.

Журналистер алдында сөз сөйлеген Дональд Трамп тосын мәлімдеме жасады.

"Кубаны жаулап алу құрметіне ие болатыныма сенемін. Бұл керемет болар еді. Ол - үлкен құрмет. Оны босата аламын немесе жаулап ала аламын. Менің ойымша, онда қалағанымды істей аламын", - деді Трамп.

Бұл АҚШ президентінің Куба туралы алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін "достық жолмен басып алу" туралы да айтқан болатын.

Айта кетейік, өткен аптада Куба билігі Трамп әкімшілігімен жағдайды реттеу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мұны Трамптың өзі де растады. Ол Кубаны "мұнайы жоқ, бірақ жері әдемі, күйреген мемлекет" деп атады.

Бұған дейін Трамп Кубамен келіссөздер жалғасып жатқанын айтып, Иран мәселесі шешілгеннен кейін арал мемлекетіне қатысты қосымша қадамдар жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!