Трамп жеңісінен кейін биткойн бағамы 40 миллион теңгеге шарықтады

Трамп жеңісінен кейін биткойн бағамы 40 миллион теңгеге шарықтады
Фото: depositphotos.com

Тарихта алғаш рет биткойн құны 40 миллион теңгеден асты. Оның өсуі АҚШ президенті сайланғаннан бері жалғасып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Google компаниясына тиесілі қаржылық ақпарат провайдерінің графигіне сүйенсек, 11 қарашада биткойн бағамы 40 648 114 теңгені еңсерді. Бір күнде оның құны 1,99 пайызға, ал бір айда - 39,03 пайызға өскен. 

Биткойн бағамының күрт өсуі 5 қарашада, АҚШ-тағы сайлау қорытындысынан кейін басталды. Оған дейін цифрлық валюта бағамы 33 миллион теңгені құраған еді. Бұл нарықтың ауытқуын бақылайтын инвесторлар мен сарапшылардың назарын аударды. Сарапшылар бағаның өсуін Дональд Трамптың АҚШ сайлауындағы жеңісімен байланыстырды. Өйткені Трамп өзінің сайлау науқанында цифрлық активтер индустриясын қолдайтынын мәлімдеген еді.

Бұған дейін Трамп жеңісінен кейін доллардың рекорд деңгейде өскенін жазған едік. Американдық валютаның бұлай өсуі соңғы рет 2016 жылы байқалған. 

Доллардың қарқыны бұнымен тоқтай қоймайтынын қазақстандық сарапшыларда атап өтті. Олар доллар құнының 507 теңгеге өсуі мүмкін екенін жеткізді. 

Ал сарапшы Мақсат Халық бұндай өзгерістерден Азия елдері қайтадан 3 жыл бұрынғы дағдарысқа тап болуы мүмкін екенін ескертті.

Н. Ынтымақұлы