6 қарашада АҚШ-тың алты жетекші валютасының қоржынына қатысты доллар индексі 1,92 пайыз шыңына жетті. Дональд Трамптың АҚШ президенті сайлауындағы жеңісінен кейін 105,441 пунктіге дейін көтерілді. Бұл туралы Financial Times жазады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінірек өсім 1,61 пайызға дейін төмендеді. Басылымның хабарлауынша, американдық валютаның бұлай өсуі соңғы рет 2016 жылы байқалған.
6 қарашадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа өлшенген бағамы 492,14 теңгені құрап, бірден 3,13 теңгеге көтерілді. Бүгін, 7 қарашада да доллар бағамы 492,14 теңгені құрайды.
Айта кетейік, 2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл - елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.
Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол барлық негізгі штатта жеңіске жетті.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы алғашқы сайлау учаскелері жабылғаны хабарланды. Кейін Associated Press мынадай статистика келтірді: Трампта 230 дауыс, Харристе 187 дауыс. Мұндай деректерді "Америка дауысы" да келтірді: 230 және 179 дауыс.
Сонымен қатар Трамп негізгі жеті штаттың алтауында көш бастады.
Артынша Дональд Трамп Флоридада жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлаудағы жеңісін жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз