Трамп Хаменеидің мәлімдемесінен кейін Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету жоспарынан бас тартты

АҚШ президенті Дональд Трамп кеше Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету жоспарын уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл шешім Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық бағдарламасына жасаған әуе шабуылдарының тиімділігін жоққа шығарған мәлімдемесінен кейін қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Axios және CNN-ге сілтеме жасап.

Трамптың мәлімдемелері:

Трамп Хаменеиді "ӨТЕ ҚАУІПТІ ӨЛІМНЕН" құтқарғанын мәлімдеді, себебі Израиль оны өлтіруді жоспарлаған.

Иран көшбасшысы соғыс басталғанда бункерге жасырынған және қазір де сол жерде екен. Трамп Хаменеи қайда екенін нақты білгенін, алайда оны өлтіруге рұқсат бермегенін атап өтті.

Ақ үй Иранмен келесі аптада кездесу өткізуді жоспарлап, шектеулі санкцияларды жеңілдету сияқты ынталандыру шараларын ұсынбақшы болған.

Алайда Хаменеи бейсенбіде жасаған мәлімдемесінде Израильге қарсы жеңісін жариялап, АҚШ-ты "сабасына келтірдік" деп бағалаған соң, бұл жоспарлар күйреп қалды.

"Мен Иранды бірнеше рет келіссөзге шақырдым. Осы аптада тіпті Қытайға Иран мұнайын сатып алуға рұқсат етемін деп айттым. Бірақ оның орнына ашу-ыза, жеккөру мен жиіркенішке толы мәлімдеме алдым. Сол себепті санкцияларды жеңілдету бойынша барлық жұмысты дереу тоқтаттым", – деді Трамп.

Иран тарапының жауабы:

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Трамптың "шынымен мәміле жасағысы келсе", Хаменеиге қатысты орынсыз риторикадан бас тартуы керегін айтты.

"Иран халқы - ұлы және қуатты хаық. Израиль режимінің жалғыз амалы - біздің зымырандарымыздан қорғану үшін "әкесіне" тығылу. Мұны бүкіл әлемге көрсетті. Иранға қорқыту мен тіл тигізу әсер етпейді. Егер иллюзия қателікке әкелсе, Иран өзінің нағыз мүмкіндіктерін көрсетеді және бұл күмәнсіз кез келген қате түсінікті жояды", - деп жазды Арагчи X (бұрынғы Twitter) желісінде.

Трамптың соңғы ескертулері:

Трамп Иран бейбіт келіссөздерге келіп, әлемдік тәртіпке оралуға тиіс екенін, әйтпесе жаңа қауіптерге тап болатынын ескертті.

Ол егер келіссөздер басталса, АҚШ Ираннан қалған байытылған уран қорларынан бас тартуды талап ететінін мәлімдеді. Трамп Иранның ядролық бағдарламаны қайта бастайтынына сенбейтінін, алайда егер Тегеран уранды қару деңгейіне дейін байытпақ болса, АҚШ әскери күш қолданатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Сенаты Конгрестің мақұлдауынсыз Иранға қарсы әскери әрекетке тыйым салу туралы демократтардың қарарын қабылдамаған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!