АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында Құрама Штаттар Тайвань тәуелсіздігі үшін Қытаймен соғысқысы келмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ашығын айтқанда, әлдебіреулер тәуелсіздік жариялап, соның салдарынан бізге соғысу үшін 9,5 мың миль жерді басып өтуге тура келгенін қаламаймын", — деді Трамп Тайвань мәселесіне қатысты пікір білдіре отырып.
Америкалық көшбасшының пайымдауынша, егер жағдай қаз-қалпында сақталса, Бейжің аралға қатысты ешқандай қадамға бармауы мүмкін.
"Біз біреулердің: „Құрама Штаттар бізді қолдайды, сондықтан тәуелсіздік жариялайық“ дегенін қаламаймыз", — деп толықтырды Трамп.
АҚШ президенті ҚХР мен Тайваньды сабырға шақырды: "Тайваньның сәл сабыр сақтағаны өте ақылды қадам болар еді. Қытайдың да сәл сабыр сақтағаны өте орынды болар еді".
Сондай-ақ, Трамп Тайваньға 12 миллиард долларлық америкалық қару-жарақ жеткізу мәселесі әзірге кідіртілгенін айтты.
"Мен бұл шешімді әзірге кейінге қалдырып отырмын, бәрі Қытайға байланысты. Шынын айтқанда, бұл біз үшін келіссөздердегі өте күшті артықшылық. Он екі миллиард доллар — бұл өте көп қару", — деді Трамп.
Америка басшысы бұған дейін АҚШ пен Қытай арасындағы Тайваньға қатысты келіспеушіліктер толыққанды қақтығысқа ұласады деп қауіптенбейтінін айтқан.
Бейжің Тайваньды ҚХР-дың ажырамас бөлігі деп санайды. Ал "бір Қытай" қағидатын сақтау Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқысы немесе оны сақтап қалғысы келетін мемлекеттер үшін міндетті шарт ретінде қарастырылады. АҚШ-тың Тайваньға қару сатуы Вашингтон мен Бейжің арасындағы шиеленістің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz