Жетпістің сегізіне шыққан Айтмұхан Әлімов Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Киевское селосында тұрады. Он саусағынан өнер тамған ақсақалдың қолынан келмейтіні жоқ. Қарапайым үй жиһаздарынан бастап сан түрлі көліктерді өз қолымен жасап шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Темірден түйін түйген қажырлы ақсақал күні бүгінге дейін гаражынан шықпай, қиялына келген ғажайып дүниелерді жасап елді таң-тамаша етіп жүр.
Бала кезінен ой-санасы тың жаңалық пен техникаға үйір болған Айтмұхан ақсақалдың үйі тұтастай музей деуге де болады. Үй ішіндегі кереует, айна, ауладағы Бәйтерек ғимаратына ұқсас етіп салынған қақпа, тіпті қасықтарға дейін өз қолымен өрнектеп жасаған. Ал сан түрлі қолынан шыққан техникасы - өз алдына бір төбе.
Сонау сексенінші жылдары техника жасауға деген құлшынысы жігерін жаныған Айтмұхан Әлімовтың ең алғашқы тырнақалды техникалық туындысы шағын трактор құрастырып шығудан басталыпты. Оймақтай ғана шағын трактор үй шаруасына қажет ондаған істі жып-жылмағай етеді. Бақшадағы картопты егіп, үйдің ауласын тазартып, үй саларда тіркемесімен барлық қажетті заттарды да тасыған.
Айтмұхан ақсақалдың үй маңындағы ондаған жылдардан бері жинақталған темір-терсек қандай іс бастаса да барлық қажетті заттарын қиналмай тауып, ойына келген дүниені оймақтай етіп жасауға мүмкіндік беріпті. Шағын трактордан кейін Айтмұхан Әлімовтің кезекті идеясы оны анағұрлым ірі көлікті жасап шығуға ынталандырады. Ақыры дегеніне жеткен қария араға біршама уақыт салып дизель отынымен жұмыс істейтін ірі көлікті жасап шыққан. Өздері отбасымен оны "Джип" деп атап кетіпті. Алғашқыда қарапайым көлік болған джипке уақыт өте келе түрлі тіркемелер жалғанып шөп шауып, егін ору, шөп шөмелесін сыру сияқты сан түрлі қызметтер қосылған. Тіпті осы көлікпен болған қызықты оқиға Айтмұхан ақсақалдың қыздарының бірі Әсел Айтмұханқызының әлі күнге есінде қалыпты.
"Үлкен көлікті бәріміз "джип" деп атап кеттік. Осы көлікпен кезінде шекарадан да асып, Ресейге оқуға түскен мені жеткізіп салған кезі де болды. Күні кешегідей бәрі де көз алдымда", - дейді Әсел Айтмұханқызы.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезін де Айтмұхан ақсақалдың отбасы сағынышпен еске алады.
Жұрттың бәрі шамның білтесінен тұтанған сығырайған отқа қарап қалған шақта Айтмұхан ақсақал үйінің төбесіне желден қуат алатын "вертушка" жасап үй іші самаладай жарық болып, әрі балалары мен қоса ауылдас көрші-қолаң да жиналып теледидар көріпті. Өнері бір басынан асып төгілген ақсақалдың қиялынан шыққан дүниелері отбасына ғана емес, тұтас ауылға да зор көмегін тигізіпті. Жарықтың зардабын тартқан ауылдастарының жайын ойлаған ақсақал бір күні электр қуатын шығаратын шағын станцияны да жасап шығады. Осы күннен бастап Айтмұхан ақсақалмен қоса ауылдастары да кешкі асын самаладай жарық үйде отырып ішетін болды.
Айтмұхан ақсақалдың ауыл жұрты үшін жасаған жақсылығының тағы бірі кәдімгі ұн тартатын диірмен болыпты.
"Біздің әлі бала кезіміз. Ол кезде қазіргідей емес бәрі бидайды диірменге апарып ұн тартқызып келетін. Нанды барлық үй пешке пісіріп алатын. Әкем сол кезде ауылдастары үшін тағы тың дүниесін шығарып өзі қолдан жасаған диірменімен ұн тартып беріп жүрді. Тіпті ауылдың іргесіндегі "Киевский" деп жазылған ауылдың атауына дейін әкеміз өзі цементтен құйып отырып шығарғанын ауыл халқы күні бүгінге дейін мақтаныш етеді", - дейді Алтынай Айтмұханқызы.
Өнертапқыш қарттың қолынан шыққан ең озық техникалық туындысы тікұшақ екен. Айтмұхан ақсақал тікұшақ жасап шығуды өмір бойы армандапты. Ақыры көздеген мақсатына жетіп, осыдан он жылдай бұрын темірден қаңқасын құрастырған арманындағы тікұшақ та дайын болады. Қозғалтқышын іске қосқан тікұшақ тіпті аспанға да көтерілген екен.
"Тікұшақтың аяқталып іске қосылуын ауыл жұрты түгелдей тағатсыздана күтіп жүрді. Іске қосу сәті ауыл үшін үлкен мейрам болды десе де болады. Бала-шағаға дейін түгелдей жан-жағынан қаумалап әкеміздің бала кезінен арман болған тікұшақтың іске қосылуын күттік. Кәдімгідей пропеллері, шағын кабинасы бар тікұшақ шынымен де өте сәтті шықты. Сырты қапталмаған жан-жағы ашық құр қаңқасы болатын. Әкем тікұшақты іске қосып жерден әудем биікке дейін жоғары көтерілді. Бірақ қорыққан болуы керек біршама биікке көтерілген соң дереу моторын сөндіріп төмен түсті. Одан кейін тікұшақты бірден бұзып тастап жол талғамайтын көлік жасауға кірісті", - дейді Алтынай Айтмұханқызы.
Қария көлікке өзі жоқта біреулер мініп арандап қала ма деп қауіптенгендіктен де тікұшақты бұзып басқа көлік шығаруды жөн санапты. Бұл жолы Айтмұхан қарияның қиялы жол талғамайтын "вездеход" жасап шығаруға ауады. Ойлағанын бірден сызып тастаған ақсақал арада көп уақыт өтпей жаңа көлікпен ауызашарға баратын болыпты. Шағын ғана көліктің үсті кабриолет көлігі сияқты қалың материалмен ашылып-жабылады.
"Қазір әкеміз сол "вездеходымен" әуре болып жүр. Күн сайын әйтеуір бір тың дүниесін жасап бәрімізді қуантады, әрі таңғалдырады. Өткенде алдыңғы жағында кішкене дөңгелек болса, енді оның орнына үлкен дөңгелектер қойып алған. Әкемнің қолынан бәрі де келеді. Бізді де өзі сияқты еңбекқор қылып тәрбиеледі. Анам жеті құрсақ көтерген батыр ана. Өкінішке орай екі бауырымнан айырылып қалғанбыз. Қазір бес баласы бар. Бәрімізге әкемізден кейбір қасиеттері жұққан. Дегенмен қайтыс болған ең үлкен әпкеміз әкем сияқты қолынан келмейтіні болмайтын", - дейді Алтынай Айтмұханқызы.
Айтмұхан ақсақал қолөнер мен техника шығарудан бөлек шығармашылыққа да ден қойған сегіз қырлы бір сырлы адам. Қолы қалт еткенде ақсақал сурет салады. Өлең жазатын ақындық қасиеті де бар. Қарияның қолынан шыққан үздік шығармаларының бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын бюсті болыпты. Айнытпай салынған мүсін де таңдай қақтырады. Ақсақалдың қолының таңбасы қалған "Туыстарға ескерткіш" кітабы ұрпақтарына тағылымы мол мұра болып қалған.
Айтмұхан ақсақал жұбайы Бәтимамен жеті бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 4 немере, 8 жиен тараған. Екі қызы мектептке ұстаздық етсе, бірі Көкшетау қаласында автобус паркінде, бірі Петропавл қаласында кәсіпорында жемісті еңбек етіп жүр.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!