Экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлы Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында Назарбаевтың тұңғышы Дариға Назарбаеваны "мықты спикер болды" деп мақтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Дариға Нұрсұлтанқызының қарамағында бір жарым жыл қойын-қолтық жұмыс істедім. Жұрт анау десін, мынау десін, ол мықты Сенат спикерлерінің бірі болды, оны ашық айта аламын. Оған пікірімді ашық айтатынмын. Ол кісінің есігі ашық болды, әр уақытта кіріп-шығу оңай болды. Дариға Нұрсұлтанқызын спикер ретінде қатты бағалаймын. Бұл - субъективті пікірім", - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Бұрынғы шенеунік Назарбаева төңірегінде айтылатын сындарға қатысты да пікір білдірді.
"Ол да адам, трагедиялық отбасы. Баласының өлуі, оның ауруға ұшырауы, қайтыс болуы - трагедия. Менің де балаларым бар, оған түсіністікпен қараймын. Ал байлығына қатысты әңгімелерге келсек, ол менің құзыретіме жатпайды, арнайы органдар шешер. Ал бірақ адам ретінде, спикер ретінде сол кездегі сенаторлардың көпшілігінен сұраңыз. Дариға Нұрсұлтанқызы туралы бір ауыз жаман сөз айта алмайды. Өйткені ол ашық спикер болды, түсіністікпен қарайтын спикер болды, кейбір нәрселерді түбіне дейін қарайды. Заң жобалары қаралғанда, фермерлердің сөзін бөлмей, сағаттап отырып тыңдайтын. Мен үшін Дариға Нұрсұлтанқызы қарапайым болды", - деді экс-сенатор.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева ел алдына шыққаны хабарланды. Ол Алматыдағы іс-шарада көзге түсті. Назарбаева марқұм Айсұлтан Назарбаевты еске алуға арналған футбол турниріне келген.
Ал оған дейін Дариға Назарбаева мен оның отбасы Кан қаласында (Франция) өткен кеште көзге түскен еді.
Анықтама: Дариға Назарбаева - 2004–2007, 2012–2015 және 2021–2022 жылдары Мәжіліс депутаты, Сенаттың бұрынғы төрайымы (2019–2020) болды. Ол - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!