- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тірі тауар". Алматыда...
"Тірі тауар". Алматыда өз баласын сатпақ болғандар ұсталды
Алматылық жұп жаңа туған сәбиін сатпақ болған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы қылмысты жасады деген күдікпен жеті адам қамауға алынған. Олардың әрқайсының ролі нақты бөлінген.
"Туғанына алты күн болған қызын 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы ер адам сатпақ болған. Жұп баланы сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастағаны анықталды. Баланы Алматы тұрғындары - 48 жастағы У. есімді ер адам мен 46 жастағы Е. есімді әйел алғысы келген. Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Мәміле өткен демалыста жасалған. Алайда Криминалдық полиция және Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқарма қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылар және ерлі-зайыпты делдалдар ұсталды. Келесі қадам ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы А. есімді әйелді ұстау болды", - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Полиция сатып алушылар мен делдалдардың бір уақытта ұсталғанын атап өтті.
"Өте маңызды жайт: кездесу кезінде делдалдардың қолында тағы екі сәбиі болған, болжам бойынша үш және бір айлық бала. Ер адам олар өздерінің балалары екенін айта бастаған. Алайда олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады. Осылайша, осы арнайы іс-шара нәтижесінде күдіктілерден үш сәби алынды. Олар медициналық мекемеге тексерілу және қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды "тірі" тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз", - деді Аханов.
Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасы мәліметінше, дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысқа сәйкес соталды тергеу басталған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ж. Қадыржанова