Қаралы қаңтар оқиғасына байланысты материалдарды жариялауды жалғастырамыз. 5 қаңтарда Қызылордада болған тәртіпсіздік кезінде қылмыскерлер КамАЗды басып алып, артынша сол көлікті сарбаздар мен әскерилерге бағыттаған болатын. Салдарынан 19 жастағы сарбаз Мадияр Қайсаров бірнеше сарбазды құтқарып үлгергенімен өзі қаза болған еді. Massaget.kz тілшісі Мадиярдың әкесі Оразалы Қайсарұлымен сөйлесті.
Мадияр - әкесі мен анасының жалғыз ұлы, жалғыз баласы еді. Әкесінің сөзінше, Мадияр мектепте жақсы оқыған.
"Ұстаздары Мадияр туралы ешқашан жаман айтқан емес. Ата-аналар жиналысында ұлым туралы теріс пікір айтылған емес. "Біреумен төбелесті, сөзге келіспей қалды" дегенді естіген емеспін. Бәріне құрметпен қарайтын", - дейді сарбаздың әкесі.
Мадияр компьютерлік грамматиканы жақсы білген. Ал болашақта IT саласында жұмыс істесем деп ойлаған екен.
"9-сыныптан кейін колледжге түскен болатын. Қарағандыдағы Политехникалық колледжде оқыған. Бағдарламашы мамандығы бойынша білім алды. Мектепте де информатика пәнін жақсы білетін. Қандай да бір тапсырма берілсе сыныптастары көбіне Мадиярдан сұрайтын. Себебі ол бағдарламалауды жақсы білетін. Өзі де бағдарлама жазғысы келетін. 3D-модельдеумен жұмыс істегісі келетін. Сол үшін IT саласын таңдаған болатын", - дейді Оразалы Қайсарұлы.
Мадияр әскерге бару туралы шешімді өзі қабылдаған екен.
"Былтыр шамамен мамыр айында сөйлестік. "Мадик, енді диплом аласың, енді жоғары оқу орнына түсесің бе?" деп сұрадым. Ол ұзақ ойланып, "Әке, мен жігіттермен, достарыммен бірге әскерге барып келейін. Әскерден келген соң жоғары оқу орнына тапсырайын" деді. Ол колледж дипломын алмай, әскерге кетіп қалды. Себебі былтыр 23 шілдеде әскери комитетке барып, қол қоятын кезде оны әскерге алып кетті. Осылайша 24 шілдеде таңғы бестер шамасында әскерге кетіп қалды. Әскерде қаңтар оқиғасына дейін жарты жылдай ғана болып үлгерді", - дейді сарбаздың әкесі.
Оразалы Қайсарұлы ұлымен соңғы рет сөйлескен сәтті есіне алды.
"Бізге әр жексенбі сайын хабарласатын. Желтоқсанда ол әскерде "ата" (әскерде белгілі бір уақыт қызмет еткендерді солай атайды - еск.) атанды. Мен сол кезде қалжыңдап "О, ассалаумағалейкум, ата, қалыңыз қалай?" дедім. "Немерелерің қалай? Келіп тұра ма?" деп қоямын. Мадияр:"иә, иә, әке" деді әзілдеп. Соңғы рет 2 қаңтарда сөйлестік. Хабарласып, Жаңа жылмен құттықтады. Мені, анасын, әжесін құттықтады. "Жаңа жылда жақсы тамақтандырды. Алма, кәмпиттер берді" деді Мадияр", - дейді Оразалы Қайсарұлы.
Артынша жаппай тәртіпсіздіктер басталып кеткен. Әкесі мен ұлы байланыс болмай, хабарласа алмаған.
"Кейіннен 3, 4 қаңтарда байланыс үзілді, хабарласа алмадық. 5 қаңтарда командирі хабарласты. Бұған дейін байланыс болмағандықтан маған хабарласа алмаған. Мадияр Қызылорда уақыты бойынша, 14.10-да, ал Қарағанды уақыты бойынша 15.10-да қаза тапқан екен. Маған хабарласып "Оразалы Қайсарұлы, сіз бе?" деді. Мен дедім. "Қайсаров Мадияр сіздің ұлыңыз ба?" деді, "Иә, менің ұлым. Не болды?" дедім. "Оны КамАЗ қағып кетті" деп хабарын берді. Мен қолын не аяғын ғана сындырып алған шығар деп ойлап, "Тірі ме?" деп сұрадым. Бұлай болады деп ойламадым ғой. Командир ұзақ үнсіздіктен кейін ұлым қаза болғанын хабарлады. Не дерімді білмей "Қалайша?" дедім. Ұлымды әскерге жіберіп, қаза болғанын естігенде қатты таңғалдым. Террористер шабуыл жасаған екен ғой. КамАЗды айдап әкетіп итерген террорист қой", - дейді Мадиярдың әкесі.
Оразалы Қайсарұлы оқиға қалай болғанын айтып берді.
"Оқиға негізі былай болған екен: әлгі террорист, мародерлер кірпіш, бөтелке және ішінде бензині бар қоспа, арматураны алып сарбаздарға, әскерилерге лақтырған екен. Бастапқыда КамАЗды айдап келе жатқан әскериді террористер көліктен шығарып, жан-жағынан аяусыз соққыға жыққан. Рөлді өздеріне алу үшін әскеридің саусағын да сындырып тастаған. Террористердің араларындағы біреуі осы сәтті пайдаланып, КамАЗға отырып, газ педаліне кірпіш қойып, өзі көліктен шығып кеткен. Басқарусыз кеткен КамАЗ сарбаздар жаққа жүріп кеткен. Сол сәтте ұлым Мадияр КамАЗ оларға қарай "ұшып" келе жатқанын көріп, екі сарбазды құтқарып үлгерген. Өзі КамАЗдың астында қалған. Қашып үлгермеген. Мадияр біздің жалғыз баламыз. Одан басқа баламыз жоқ. Жақында мешітте жылдық асын бердік", - дейді Оразалы Қайсарұлы.
Мемлекет тарапынан Оразалы Қайсарұлының отбасына жан-жақты көмек көрсетілген. Қаржылық көмек беріліпті. Оразалы Қайсарұлы жалғыз ұлының ерлігі туралы не ойлайтынын айтты.
"Әрине, әйелім екеуіміз қатты шок болдық. Әскерге жіберген ұлымыз қаза болды. 5 қаңтарда қаза болған, 6 қаңтарда бізге мәйітін алып келді. 8 қаңтарда жер қойнауына тапсырдық. Әрине, бұл жайтты бізге қабылдау қиын болды. Бірақ амал не? Әрине, ол бей-жай қалмай адамдарды құтқарып, елі үшін құрбан болып, ерлік жасағанын мақтан етеміз", - деді Оразалы Қайсарұлы.
29 қарашада КамАЗды әкетіп, сарбаздарға айдап жіберген қылмыскер 17 жылға сотталған болатын. Оразалы Қайсарұлы соттың шешімімен келіспейтінін айтады.
"Өзім террористі өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрадым. Бұл барып тұрған терроризм ғой. КамАЗды ұрлап, әдейі істеген бәрін. Егер жай сарбаздарды қорқытқысы келген болса көліктен шығып кетпей, тежегішті басар еді ғой. Бірақ ол газ педаліне кірпішті қойып, өзі көліктен шығып кеткен. Сот шешіміне шағымданамыз ба, жоқ па, уақыт көрсетер", - дейді Оразалы Қайсарұлы.
Суреттер Оразалы Қайсарұлының жеке архивінен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!