Қазір әйелдер үшін марафонға қатысып, жүгірумен айналысу мәселе тудырмайды. Алайда бұдан бір ғасыр бұрын әйелдер үшін бұл спорт түрімен айналысу оңай бола қойған жоқ. Massaget.kz тілшісі "Қайталанбас тұлға" айдарында тарихты өзгерткен желаяқ арулар туралы баяндайды.
Өзі ғана емес, өзге әйелдер болашағы үшін күрескен адамдардың бірі - Бобби Гибб.
Роберта Луиза Гибб немесе жай ғана Бобби Гибб - Бостон марафонын жүгіріп шыққан алғашқы әйел. 1966 жылы 23 жастағы Бобби Бостон спорт ассоциациясына марафонға қатысу туралы өтініш жібереді, алайда оған рұқсат етілмейді. Сол кезде ассоциация басшысы Уилл Клони "әйелдер физиологиялық қабілетсіздігінің кесірінен жарысқа қатыстырылмайды" деп жауап берген еді.
Бобби "Бостонға махаббатпен" (To Boston with Love) кітабында бұл марафонға 2 жыл бойы күнде жүгіріп дайындалғанын жазған. Ол медбикелерге арналған аяқкиім киіп, нұсқаулықсыз жаттыққан.
1966 жылы марафон күні Бобби ағасының шалбарын киіп, шашын жасырып, старт басталатын жердің қасындағы ағаш артында тығылып тұрған. Ол оны қатыстырмай, тіпті соттап жібере ме деп қорыққанын айтты. Керісінше, оның қыз екенін білген ер адамдар оған қолдау білдіріп, оны тоқтатпақ болғандарға қарсы тұрған.
32 шақырымнан кейін аяғы қанай бастаған, себебі әйелдерге арналған аяқкиім болмаған соң, ерлерге арналғанын киюге мәжбүр болған.
"3-ақ шақырым қалған еді, ал мен тіпті аяқ баса алмай қалдым", - дейді әйел естеліктерінің бірінде.
Бобби 540 адамның арасында алғашқы үштік қатарында аяқтады. Ол марафонды 3 сағат 21 минут 40 секунд жүгірген.
Массачусетс губернаторы мәреге арнайы келіп, Боббидің қолын алу үшін күткен. Осы бір тарихи сәттен кейін араға 6 жыл салып, 1972 жылы әйелдерге марафонда жүгіруге рұқсат етілді.
Бүгінде Бобби Гибб 76 жаста. Ол әлі күнге дейін күніне кем дегенде бір сағат жүгіреді. Әйел Сан-Диегодағы Калифорния университетінде зерттеуші болып жұмыс істейді. Бүгінде Боббидің есімін көп адам білмесе де, ол әйелдердің болашағына өлшеусіз үлес қосқаны сөзсіз.
Марафоншы әйелдер өмірінің түбегейлі өзгеруіне ат салысқан тағы бір әйел - Кэтрин Швитцер.
Келесі жылы, яғни 1967 жылы Кэтрин есімін "К.В. Швитцер" деп көрсетіп, марафонға тіркеледі. Бұл есімнен тіркелушінің ер адам не әйел екенін түсіну мүмкін емес еді. Осылайша, Кэтрин өзінің нөмірін алып, жарысқа келеді.
Ұйымдастырушылардың бірі оны итеріп, шығармақшы болады.
Бірақ сол кезде Кэтринге жігіті көмектеседі. Ол қызды шығармақ болған адамды итеріп құлатады.
"Ол мені итермек болды, бір кезде жігітім оған жүгіріп барып, құлатып жіберді. Ол орнынан ұшып кетті. Жігітім ұйымдастырушылардың бірін ұрып жібергені үшін қорқып кеттім. Шынымен, қатты үрейлендім. Бірақ бәрі өзгергенін түсіндім. Бір кезде жарыстағы мақсатым - әйелдің бар күшін көрсетуге айналды", - дейді Кэтрин.
Бобби мен Кэтрин арқасында әйелдер 1972 жылы Бостон марафонына ресми түрде қатысуға рұқсат алды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз